Кішкентай балаларға компьютер зиян ба? деген сауал жас баласы бар көпшілік ата-ананы алаңдататыны анық. Енді осы сауал төңірегінде біраз ойланып көрелік.
«Қазіргінің балалары компьютер мен ұялы телефонды біліп туады» деген түсінік қалыптасты. Онысы рас та. Әркім өзінің заманына қарай бейімделеді. Ал бейімділік дегеніміз туыла салысымен басталатын табиғи құбылыс.
Бала не үшін компьютерге құмартады?
Ия, сіз бала кезіңізде компьютер мен ұялы телефонның не екенін білмей өстіңіз. Бірақ қазір… Тілі анық шығып, ақыл-есі толық кірмеген жас бала айналасындағы дүниелерді танып білгісі келеді. Көрінген, ұстаған заттарға тұра ұмтылып, шұқылай бастайды, қолға ілінгенін ары лақтырады, бері лақтырады, аузына салып көреді. Оның барлығының себебі баланың зейінділігі мен танып-білуге деген құлшынысында жатыр (мүндай құлшыныстар мектепке дайындық жасындағы балалар үшін өте маңызды). Ештеңеге қызықпайтын, денсаулығында ақауы бар беймаза балалар компьютерге ұмтыла қоймайды.
Жасына қарай…
Балалардың компьютерді пайдалануын жас ерекшеліктеріне қарай белгілейтіндер баршылық. Олардың қандай негізге сүйе отырып «баланы 6-7 жасқа дейін компьютердің маңына жолатпау керек!» дейтіндерін білмедім. Ойлап қарасақ, қай бала «жасың әлі 6-7-ге толмады» деген ескертуге құлақ асады?! Тыңдамақ тұрмақ «не айтып жатырсың» деп те назар аудармайды. Себебі, ол – бала.
Балаларды ес біліп, ненің не екенін таныған кезден бастап төрт бұрышты монитордың алдына отырғызуға болады. Бірақ ескеретін бірнеше жағдайлар бар. Мысалы, балалар қолданатын ойын немесе түрлі программалар балаға не береді? Оның сапасы қандай? Баланың ой-санасы мен түйсігіне және тәрбиесіне кері әсер ететін жағымсыз әрекеттер (ойындағы эпизодтар) жоқ па? деген сауалдарға жауап іздеу керек. Егер бұл сауалдарға мардымды жауап алу мүмкін болмаса, онда баланы компьютерден аластауға тура келеді. Осы жерде ескеретін бір мәселе бар. Баланың компьютерге деген ынтасы мен көңілін басқа ойыншықтар мен әрекеттерге бұру (алдау, көңілін аулау) арқылы оны компьютерден аластату керек. Жыласа, ұруға, тіпті ұрсуға болмайды. Бала сіздің ұрсып тұрғаныңызды түсінбейді, есесіне, бойында өшпенділік пайда болады.
Есте сақтаңыз!
3-4 жастағы дені сау балалар үшін күнделікті компьютерді пайдалану уақыты 10-15 минуттан аспауы керек. Ал 5-6 жастағы балалар үшін 20-30 минут, 7-8 ж. балалар үшін 40-60 минут, 9-12 ж. балалар үшін 1-1,5 сағат мөлшерінде монитор алдында отыруға болады.
7 жасқа дейінгі балаларды аптасына 3-4 реттен артық отырғызбауға тырысыңыз.
Балаңыздың ұйқысы тыныш болуы үшін кешке немесе ұйықтар алдын оны компьютерге жақындатпау керек.
Балаларға арналған компьютер қандай болуы тиіс?
Мониторы сұйық кристалды (LCD), диагональдық өлшемі 17 дюм;
Монитор баланың көзінен 70 см қашықтықта болуы тиіс;
Мүмкін болса, компьютерге арналған стол мен баланың бойына лайықты орындық болғаны жақсы.
Компьютер дегеніміз жалмауыз емес
Компьютер мен баланың арасында байланыс орнатудан қашқақтаудың қажеті жоқ. Егер тиісті әрекеттерді басшылыққа ала отырып балаңызды компьютермен таныстырғаныңыз абзалырақ болады. «Атам қазақ компьютерсіз-ақ бала өсіріп, тәрбиеледі» деп кертартпалыққа салынбаңыз. Әр заманның өз ерекшеліктері болады. Сіздің балаңыз да өз заманына тән техника мен технологиядан хабардар болуы керек. Компьютер дегеніміз жалмауыз кемпірдің алдамшы ойыншығы емес, денсаулыққа өте зиянды улы зат емес.
Компьютер балаларға не береді?
Компьютерді пайдалана отырып жасайтын түрлі логикалық жаттығулар (зияткерлік ойындар) мен балаларға арналған бағдарламалар балалардың зияткерлік (интеллектуалдық) қабілетін арттырады, таным көкжиегін кеңейтеді, абстрактылы ойлауын және есте сақтау қабілетін дамытады. Қазіргі уақытта көптеген отбасыларда ата-анаға қарағанда компьютердің берері көп болып тұр.
Мақаланың жалғасы: Компьютердің балаларға зияны
фото: blog.antivirus365.net, techpin.com, ergonomicdeskchair-s.com