Нәресте дүниеге келгеннен кейін алғашқы күндері бұл ортаға үйренгенге дейін дене қызуы жоғарылау (37,0–37,4°C) болады. Бірнеше аптадан кейін біртіндеп қалпына түседі (36,0–37,0°С). Әр баланың ағзасы түрлі болатындықтан, дене қызуының бар-жоқтығы былай анықтауға болады. Қалыпты кезеңде дене қызуы 36,0°С болып, келесі күні 37,5-ке көтерілсе, алаңдауға болады. Ал, егер күнделікті қызуы 37,0°С бола тұра, ешқандай жайсыздық байқалмаса, мазасызданудың қажеті жоқ. Тіпті, күмәндансаңыз, қарны тоқ, көңілі тыныш сәтін тосып, қолтық астына термомерді қойып өлшеңіз де, қойын дәптеріңізге түртіп қойыңыз. Күнделікті таңертең және кешкі мезгілде 6 айға толмаған балаңызды бақылап отырсаңыз, дене қызуының қандай да бір ауытқушылығын байқай қоясыз.
Қызудың көтерілу себептері: Кішкентай нәрестенің қызуы тым қалың киімнің әсерінен көтеріледі. Ауа өткізбейтін қалың көрпемен қымталған балада да өзгерістер болады. Өйткені, сәби ауа өзгерісіне бейімсіз болады. Оған қоса, тамақтанған кейін немесе жылағаннан соң дене қызуын өлшеуге ұмтылмаңыз. Әдетте, баланың дене қызуы әлдебір инфекциялық аурулардың әсерінен болады. 1 жасқа дейінгі баланың тісі жарып шыққан кезде, вакцинациялық егуден кейін де көтерілуі мүмкін. Жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы салдарынан да болады. Бірақ, бұл сирек кездеседі.
Қызуды басу керек пе? Жоғары температура баланың тыныс алу мүшелері, жүйке, жүрек-қан тамыр жүйелерінің қызметіне әсер етеді. Дегенмен, дәрігерлер бір ауыздан баланың дене қызуы көтерілісімен дәріге жүгінбеу керектігін айтады. Қызу – ағзаның ауруға қарсы күресіп жатқандығының белгісі. Дертті табиғи жолмен жеңуге мүмкіндік беруіміз қажет. Балаңыздың қызуы 39°С-ға дейін көтерілсе, дәрігер шақыртып, қызуды түсіретін дәріні бере бастаңыз. Дегенмен, кей бала 38°С-тен асқаннан кейін-ақ дірілдей бастайды. Осы белгі байқалса, ем-домға кірісіңіз.
Қалай басамыз? Дәріханаларда қызуды басатын дәрілер тізіліп тұрады. Кейбірі балаңызға аллергиялық әсерін беруі мүмкін. Жағдай ушықпас үшін дәрігер кеңесіне құлақ асыңыз. Одан кейін үстіндегі киімін жеңілдетіп, бір реттік жаялығын (памперс) шешіңіз. Жұқалау мата жаялығын жауып, жатқызыңыз. Бөлменің іші тым салқын да, тым ыстық та болмауы тиіс. Жылы сөздермен жұбатып, жиі-жиі шие, таңқурай, я болмаса лимон қосылған жылы шай беріңіз. Денедегі сұйықтық азаятындықтан, тұзды су, болмаса жай қайнаған су беріңіз. Міндетті түрде балалар дәрігерін шақыртып, ол келгенше құрамында парацетамол бар сироп, таблетка ішкізіп, я болмаса, свечи қолданыңыз. Свечи түрінде пайдаланатын дәріні түнге қарай қолданған жөн. Өйткені, оның әсері ұзағырақ сақталады. Бірақ есте сақтаңыз: кез-келген дәріні тәуліктік мөлшерінен асырмаңыз. Оған қоса, қызуды басатын халықтық емдер де бар. Мәселен, қолтық астына салқын суға малынған шүберек қойыңыз. Спирттің сумен тепе-тең мөлшерде қосылған ерітіндісімен, арақпен немесе 9% сірке суымен денесін сылап шығыңыз.
Қандай термометр қолданған жөн? Сәбиіңіздің өз термомерті болғаны жөн. Қолданар алдында спиртпен сүртіп, баланың қолтығына қоясыз. Шынылы термометрдің ұтымды тұсы көп. Бірақ, 6 айға толмаған балаға қарапайым сынапты термометрді пайдалануға болмайды. Абайсызда сындырып алып, денесін жарақаттап алуы ғажап емес. Ішіндегі сынап айналадағы адамдарға да зиянын тигізеді.Қобдишаңызда одан өзге термометр болмай қалса, қолтығына қыстырып, баланы қолыңызға 5 минуттай алып жүруіңізге тура келеді.
Қазіргі кезде электронды градусниктер кең қолданыста. Пайдалануға өте ыңғайлы, қызуды өлшеп болғаннан кейін дыбыс береді. Кей бала термометрді қойғызбайды. Ондайда баланың ұйқыға кеткен сәтін күтіңіз.
Балаңыз сырқаттанып, дене қызуы көтерілген кезде ата-анасының аялы алақанына зәру болады. Сондықтан, аяғынан тік тұрып кеткенше қамқорлықтарыңызды аямаңыздар!
фото: megamedportal.ru