Балаңыз тырнағын жесе…

Балаңыздың тырнағын жейтінін аңғардыңыз ба? Әдетте, олар бас бармағын немесе сұқ саусағының тырнағына «тыныштық» бермейді. Тістемегендігін айтып, өзіне шаң жуытпауы да мүмкін. Ондай жағдайда дүрсе қойып, ұрсудың пайдасы шамалы. Жазаламаңыз да. Өйткені, тістелген тырнақ – ішкі жанайғайдың белгісі. Қатты ренжігенде, ашуланғанда, қорыққанда, өзге де эмоцияға берілгенде осындай іс-әрекетке барады. Тырнағын жеу арқылы жүйкесін тыныштандырады. Мұндай жағдайда, ең дұрысы – невропотологқа ертіп барыңыз.

Балаңыз тырнағын жесеБалаңыз тырнағын жесе, Тырнақ жеу

Баланың осы бір әдетін қойғызу үшін ескі тәсілдерді қолданбаңыз. Саусағын ұрып, ащы бұрыш жағып, қорқытып, үркітіп дегендей. Бір ананың 5 жастағы ұлының саусағын тырнақ тістеуін қойғызу үшін ыстық ыдысқа басып күйдіргенін естігенім бар. Шектен шықпаңыз. Бұл да саусақ шытырлатып, шашын сипалау секілді жиі кездесетін әдеттің бірі. Тек сіздің балаңыздың ерекшелігі – тырнағын тістейді. Сондықтан бірден дүрбелең салып, онсыз да тынышсыз көңілін жабырқатпаңыз.

Айтып өткеніміздей, саусағын аузына салған баланың ішкі жан-дүниесінде қандай да бір өзгеріс болады. Оны дер кезінде анықтай білу керек. Енді басты деген себептерге тоқталып өтсек:

  • Үлкендерге деген өкпесі. Ата-анасының қарым-қатынасы да балаға әсер етеді. Үй ішіндегі ұрыс-керіске, өзге де жайсыздықтарға деген қарсылығын осылайша көрсетеді.
  • Мультфильм, киноға әсершілдігі.
  • Ұяңдық, сабырсыздық. Көпшілік ортада өзін қалай ұстауды білмей, сасқалақтап, тырнағына «жүгінуі» мүмкін.

Себептері белгілі болған соң, онымен (балаңыздың тырнақ жеуімен) күресті бастаңыз. Бірақ, оны баланың өзі де байқамағаны дұрыс.

  • Бірнеше күн қадағалаңыз. Теледидар алдында отырғанда немесе ойын ойнағанда өзі де аңғармай қолын аузына салуы мүмкін. Байқай қалсаңыз, көңілін дереу басқа бағытқа бұрыңыз. «Келе ғой, балам! Екеуміз мына ойынды бірге ойнайықшы», «Сурет салсақ қайтеді?», «Мен самса пісіргелі жатырмын, көмектесесің бе?», т.б.
  • Тырнағын өсірмей, жиі-жиі алып отырыңыз.
  • Қыз болса, танымал әншінің, актрисаның тырнағын, тіпті, өзіңіздің тырнағыңызды көрсетуіңізге болады. Тістелген тырнақты мұндай әдемі болмайтындығын түсіндірсеңіз, ұқсап-бағуға тырысады.
  • Қатыгездік кездесетін мультфильм, киноны көруге тыйым салыңыз.
  • Балабақша тәрбиешісінен балаңызды ерекше бақылауға алуды өтініңіз. Қасындағы достарымен ренжісіп, я болмаса өзін бұл ортада қолайсыз сезінуі мүмкін.
  • «Жаман әдетке» жақын болғандықтан, сіздердің махаббаттарыңызға өзін лайықсыз сезініп кетеді. Жақсы көретініңізге күмәні болмауы керек. Сондықтан жиі-жиі ата-аналық мейіріміңізді көрсете біліңіз.

Осылайша, бірте-бірте тырнақ тістеуді және жеуді қойып кетеді. Бұл — өте ұзақ процесс. Дегенмен, осы кеңестерге құлақ ассаңыз нәтижесі жаман болмайды.

фото: superstock, free-commonsense.blogspot.com
Яндекс.Метрика