Балалардағы ұйқысыздық. Онымен қалай күресеміз?

Қазақтың танымал ақыны Мақағали Мақатаевтың «Бесік басында» өлеңіндегі
«Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ,
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге» — деген өлең жолдарында айтылғандай, сәби ұйқысына ешкімнің, ешқашан кедергі келтіруге қақысы жоқ. Өйткені, тыныш ұйқының бала дамуында үлкен рөлі бар. Сондықтан, баланың күн режимін қалыптастырған кезде ұйқының уақытылы болуын қадағалау шарт. Мұның себебін Тараз қалалық №23 балабақшаның психологы Әлия Қазыбаева түсіндіреді.

Бала ұйқысын неліктен қадағалау қажет?

Балалардағы ұйқысыздық, ұйқысыздық, ұйқы
фото: iStock/Isabelle Limbach

— Сұқбатты бастамас бұрын жуырда оқыған бір мақала туралы айтқым келіп отыр. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, ана құрсағында жатқан нәресте 25-30 апталық мерзімде түс көре бастайды екен. Туылған соң да жасқа толғанша бала өмірінің 60 пайызын ұйқымен өткізетін көрінеді. Ұйқы – адам өміріндегі ең маңызды фактор. Мейлі жас, мейлі кәрі болсын, ұйқы көрмеген адамның жүйке жүйесінің қызметі бұзылып, еңбекке қабілеттілігі төмендейді. Жүйкенің қызметі бұзылса, ағзаның көптеген мүшелері қызметінен жаңылады да, ұйқысыздыққа қоса, өзге де ауруларды бойға жамап алу қаупі артады. Ал, физиологиялық және психологиялық жағынан енді ғана қалыптасып келе жатқан баланың ұйқысының бұзылуы, тіпті, екі есе алаңдаушылық туғызуы тиіс. Екі жасқа толғанша ұйқының ритмі қалыпты болмайды. Тез оянып, тез ұйқыға кетеді. Өйткені, олардың ағзасы әлі бір қалыпқа түсе қоймаған, өте әлсіз болады. Сондықтан да, алғашқы айларда бала тек қарны ашып, киімі суланғанда, немесе сол сияқты өзге де факторлардың әсерінен оянады. Кейінірек, ортаға үйрене бастағандықтан, ұйқы сағаттары қысқара бастайды. Екіден асқан соң түскі және түнгі ұйқыға ғана дағдыланады.

Балабақшаға баратын балаларда ұйқы ритмі бір қалыпқа түскен деп айта аламын. Балалар түскі асты ішіп болысымен (13:30-да) ұйқыға жатқызылады. Екі сағаттан соң (15:30-да) оянып, ойын ойнап, серуенге шығып бой жазады. Белгілі қатаң тәртіпті ұстаған соң баланы кешкі ұйқыға жатқызуда да еш қиындық болмайды деп ойлаймын.

Ұйқысыздық белгісін бала бойынан қалай байқаймыз? «Ұйқысыз бала» деп түсте ұйықтамайтын, түнгі ұйқыға кеш жататын балаларды ғана атай ма?

— Кішкентай балаларын ұйқыға жатқызуды үлкен жұмыс көретін ата-аналар бар. Өйтпегенде ше? Сағат тілі түннің біршама болғандығынан белгі берсе де, ұйықтай қоятын бала көрінбейді. Кейде анасының «қатал қабағынан» қорыққан соң ғана жатуға ыңғайланады. Ал, үлкендерді де, өзін де әбден болдырып ұйықтаған соң, түн ортасында қайта-қайта оянып, мазаны алады. Қарнының ашуы, малына терлеу, ешбір себепсіз оянып, ыңырси жылау, таңертең оянған соң да мазасыздық, мұның бәрі осы ұйқының бұзылғандығының белгісі. Қосымша белгілері де бар – қорқынышты түс көру, ауру (тұмау, құлаққа салқын тию, тіс жару, іш ауыру), дәрілік заттардың әсері. Уақытылы ұйықтаса да, түн ортасында қайта-қайта ояна беретіндерді де «ұйқысыз бала» дейді.

Осы белгілері жайына кеңірек тоқтала кетсеңіз…

— Ұйқысыздық кез-келген адамда кездеседі. Оған шалдыққан балалар да көп. Басым бөлігінде ата-аналардың өзі ұйқысыздыққа себепші болып жатады. Мысалы, өте кеш тамақтандыру, кешкі уақытта түрлі эмоцияналды мульфильм, кино көру, компьютерлік ойындар ойнау, түрлі ертегі кейіпкерелері арқылы қорқыту («Ұйықтамасаң, аю, арыстан келіп сені жеп қояды, т.с.с.»). Өзім екі баланың анасымын. Бірде үлкен қызым екі түн қатарынан оянып жылай беретін әдет тапты. Оған қоса, суық тиіп ауырыңқырап жүрген болатын. Дәрігерге қайта-қайта тексерілгенде ғана ұйқы бұзылуын анықтадық. Сөйтсек, ем-шара ретінде беріліп жүрген антибиотиктің балама кері әсері тиген екен. Нұсқамасында жазылғандай, бала ағзасына жақпаған жағдайда, түнгі ұйқы бұзылатыны айтылыпты. Дәл сол дәріні беруді тоқтатқаным сол- түнгі мазасыздық та сап тыйылды. Ал, бірде жас ана түн ортасында кенеттен 4 жасар қызының шар етіп, шошынып оянатындығына шағым жасады. Анықтай келе, оның қорқынышты бейнелері көп мультфильмдер мен фильмдерге әуес екендігін білдім. Осыдан кейін ата-анасы қызына мүлде ондай киноларды көруге тыйым салыпты. Көп кешікпей-ақ, олар қыздарының ұйқысы тынышталғандығын айтты. Осындай біз байқай бермейтін себептері көптеп кездесуі мүмкін.

Ал, баланың ұйқысы бұзылған жағдайда не істеу керек?

— Оны екіге бөліп қарастырып көрейік. 1 жасқа дейінгі баланың ұйқысыздығымен күресу оңайырақ. Мына кеңестерді ұмытпасаңыз болғаны:

  • Тамақтанатын мезгіл жетсе де, ұйқысын бұзбаңыз. Қарны ашқан сәтте өзі-ақ оянады.
  • Бала ұйықтап жатқан сәтте шыбын ызыңы естілердей тыныштық орнатудың қажеті жоқ. Аяқтың ұшымен кіріп, сыбырлап сөйлесіп, ұйқыға жататын баланы тыныштыққа үйретіп алсаңыз, кез-келген дыбыстан шошынып оянатын болады.. Сондықтан, шектен шыға мәпелей бермеңіз.
  • Түнгі уақытта оянса, бөлменің бар жарығын жаға көрмеңіз. Түнгі шамдарды қоссаңыз да жеткілікті.
  • Ұйықтап бара жатқан сәбидің қарны тоқ екендігіне назар аударыңыз.
  • Жаялығы құрғақ болу керек.

Енді 1 жастан асқан баланың ұйқысын қалпына келтіру үшін мына ережелерді есте сақтаңыз.

  • Қойнына қуыршағын алып ұйықтайтын балаларды сирек кездестіремін. Дегенмен, жұмсақ қонжығын, қоянын құшақтап жатып ұйықтаған баланың ұйқысы тыныш болады. Осылайшы, әрдайым жанында қорғаушысы жатқандай сезінеді.
  • Күні бойы түздегі, одан кейін үйдегі шаруадан бір сәт дем алмаққа ыңғайланып, балалардың ертерек ұйықтатқысы келетін ата-ана қандай амал қолданарын білмей шарқ ұратыны сөзсіз. Кейбірі, әбден қалжыратып, шартату үшін кеш түсісімен түрлі ойындар ойнатып, секіртіп, домалатып ойнатса, енді бірі, компьютер, теледидар алдына телміртіп қояды. Ескерте кетейін: мұның бәрі – бекершілік. Бір қолыңызбен біріншісін түземекке оқталсаңыз, екінші қолыңызбен бұзып жатқаныңызды аңғармайсыз. Баланың ұйқысыздығымен күресте дәл осы тәсілдер ең сауатсызы деп саналады. Шамадан тыс шаршаған баланың түні бойы жайлы ұйықтауы екіталай. Сондықтан, екінші ереже – ұйқы уақыты келген баланы тым шаршатуға болмайды.
  • Тым кеш әрі тойына тамақтану да түнде шошытып оятуы мүмкін. Кешкі асқа құрамында кофеині бар шоколад, кофе, кока-кола, какао секілді заттарды бермеңіз. Олар ағзаны сергітіп, ұйқыны ашады.
  • Кешке көрген мультфильм, киноның түрлі қорқынышты кейіпкерлер түсіне кіріп, шошытуы мүмкін.
  • Баланың ұйықтайтын бөлмесі өте қараңғы болмауы керек. Түнгі қара көлеңке шамды жағып қояға болады.
  • Түнгі пижама өте жұмсақ , ауа өткізіп тұратын матадан тігілуін қадағалаңыз. Синтетикалық маталар ауа өткізбейтіндіктен, қатты терлетеді. Тер де ұйқыны бұзады.
  • Түнде шошынған баланы оятуға асықпаңыз. Арқасын, басын жай ғана сипап тыныштандырыңыз.
  • Ең дұрысы, кешкі ұйқыға жатардан жарты сағат бұрын сыртқа шығып, таза ауада серуендеңіз. Барлық отбасымен бірге шыққан жөн. Біріншіден, серуен – үлкендерге де артықтық етпейді, екіншіден тату-тәтті отбасының ортасында бала өзін өте бақытты сезінеді. Егер сенсеңіз, бұл да тыныш ұйқының кепілі бола алады.
  • Төсекке жатқызар алдында жылы душқа түсіріп алыңыз.
  • Тек белгілі бір уақытта ұйықтауға дағдыландырыңыз. Сағат тілі 9-ды немесе 10-ды көрсете бастағанда бала да өзінің ұйықтайтын мезгілінің жеткендігін сезіне бастауы тиіс. Қалыпты ырғаққа түскен соң ағзаның өзі-ақ ұйқыға «шақыра» бастайды.

Ұқсас мақалалар

Алты айлық сәбидің ұйқысы мен ұйқысыздығы

Балам жиі ауырады. Неге?

Балалар арасындағы тершеңдік

Гипертермия

Баланың ішінің қатуы қауіпті ме?

Аутизм – психикалық ауытқу

Comments 2

  • Балам 2айдан асқан көп жылап уйыктамайды неліктен

  • Салеметсиздерме!Кызым 1жаста тунде жылай береди, онымен коса ишпен коп жатады…иши сухой кеуип калган ишин устасам жарылып кеткен сиякты кайда корсетсем болады?

Яндекс.Метрика