Сіздің балаңыз барлығымен дерлік алысады, есерленіп, айқай-шу шығарады, ал түнде қорқынышты түстер көріп, шошып оянады. Неге? Сіз бұны балаңыздың мінезінде немесе жүйкесінің әлсіздігінде деп ойлайтын шығарсыз.
Айналаңызға бір мезет зер салып қараңызшы, ол қандай ойыншықтармен ойнайды, теледидардан не көреді? Басты себеп осында болуы мүмкін.
Қыздардың қуыршақтарын ұйықтатып, қоңыр қонжығының жараланған аяғын емдейтін, ал ұлдардың ойыншық көліктерде ойнайтын кезі баяғыда өтіп кеткен. Қазіргі заман басқа, ойыншықтар да басқа. Робот болса, тек трансформатор, қуыршақ болса, тек әдемі, сәнді киінген ару, қару болса, тек шынайы түрі, ал мультфильмдерде күнде көріп жүретін қасқыр, қоян, кішкене күшіктің орнына өрмекші адамды (человек-паук) немесе «құбыжықтар бірлестігіндегі» қаһармандарды таңдап алады. Дегенмен, бұлар ештеңе емес, ойыншықтар дүкеніне барсаң, бұдан да зорын көресің. Көріп, көзің шараңнан шығып кете жаздайды. Мысалы, «өлі-тірі қуыршақтар» сериясындағы қансорғыш бейнесіндегі Ингрид қуыршағына қалай қарайсыз? Оның сырт бейнесі — қорқынышты фильмдердегідей: қап-қара қаптал шапан, қызыл көзді, ит тісті, алқызыл атқақтап тұрған қан. Осы керемет «бикеш» қорапқа салынбаған, керісінше, балалардың біреуі оны жерлегісі келген жағдайда кішігірім табытқа салынып, буып-түйілген (бақытымызға орай, мұндай үлгілері тек интернет арқылы ғана сатылады). Немесе мына бір ойыншықты көз алдыңызға елестетіп көріңізші, резеңкеден жасалған құбыжық, бар күшіңді салып созғанда адамның денесін түршіктіретін құлаққа жағымсыз дыбыстарды шығарады. Балалардың осы құбыжықты әрі-бері созып, тартқылайтыны түсінікті, ал үлкендер болса, кейін өсе келе балаларының жақын құрбыларын мазақ еткеніне таң қалып отырады.
Мәселенің қайда жатқанын аңғардыңыз ба?
Әзәзілдер мен бірлестіктер
Қазіргі заманда балалардың ойыншықтар жиынтығының төмендегідей түрлері бар:
Робот-трансформерлер — 3-тен 13 жасқа дейінгі барлық балалардың сүйікті құмар ойыншықтары. Әрине, сүйікті болады. Себебі, олар кез келген, қалаған бейнеңе айналып кете алады: танк, көлік, ұшақ, бейнекамера — өндірушілердің қиялы шексіз ғой. Айтары жоқ, идеялары пайдалы, алайда, көптеген роботтар дамытушы ойыншықтар қатарынан емес, керісінше, азулы тістерімен қаруланған робот — өлтіруші кейпіндегі бейнелер. Атақты фирмалардың үлгілері ережеге сәйкес сырт бейнесі бойынша тартымды, сүйкімді, бірақ өте қымбат — 5000-8000 теңгеден төмен емес, сондықтан ата-аналар көбінесе балаларына «күллі әлемге бейбітшілік тілейміз» деген ұраннан өте алшақ, арзанқол «құбыжықтарды» сыйға тартады.
Братц және Мокси қуыршақтары — өте атақты, қыз балаларға арналған ойыншықтар. Барби қуыршағының дәуірі өтті. Көптеген балалар қазір бұл қызғылт түстес, «іш пыстырарлық» ханшайымды өте тәртіпті және тез жалықтырады деп есептейді.
Бүгінде оның орнын ересек, жасөспірім балалардың үлгісін бейнелейтін (кейде шындығында олардың арасынан өте қорқынышты, ұсқынсыз түрлерін кездестіруге болады: басы өте үлкен, еріндері көкпеңбек не қап-қара, бетіндегі бояулары қалың, әдепсіз киінген) Братц немесе үлкен қаланың «жеңілтек бикеші» Мокси қуыршақтары басқан. Өндірушілер бұл қуыршақтар қыз балалар үшін саяхат, сән әлемінің, атпен серуендеу, қызықты кештердің жарқын көріністерін бейнелейді деп сендіреді. Алайда, ойынның бар қорытындысы тек киім ауыстырумен ғана шектеледі, өйткені қуыршақтың киім үлгісіне кез келген қыз таңдай қағып, қызыға қарайды. Театрға барғанда киетін, түнде жатарда киетін, би кешіне, мектепке киетін түрлі сәнді киімдер бар. Ойыншық қуыршақтардың арнайы ортасы да бар (әрине, қосымша қаражат төленсе): лимузин (қуыршағы дүкен аралауға барғанда, қоғамдық көліктерге отырмайтыны анық қой), жеке ұшақтары, сұлулық салондары, т.б.
Түрлі үлгідегі қару-жарақтар — қарапайым, су шашатын кішкентай ойыншық «тапаншадан» және атқан кезде жанып, от шашқан сияқты дыбыстар шығаратын үлкен автоматтар мен қаруларға дейін.
Шынайы түрінен бірде-бір айырмашылығы жоқ тапаншалар да бар. Ал егер балаңыз кездейсоқ сол тапаншасын өтіп бара жатқан біреуге кезенсе, сол адамның зәре-құты қалмайтыны белгілі.
Мультфильмдердегі құбыжықтар, әзәзілдер, қаһармандар барлық сауда орындарынан кездеседі. Теледидардан жаңа бір мультфильмдер көрсетілсе болды, өндірушілер бірден кейіпкерлердің ойыншық түріндегі үлгісін дүниеге келтіре бастайды.
Бірақ осы теледидардан көрсетілетін қазіргі жаңадан шыққан мультфильмдердің қандай қызығы, не ерекшелігі бар? Біреуінің басы үлкен, біреуінің мұрны өгіздей, көздері шарасынан шығып кете жаздайды немесе саусақтары өте ұзын, ешқандай сәні, тәрбиелік мәні мен мақсаты жоқ. Ерекшелігі — жаңа замандағы мультфильмдер мен бір-бірінен кейіпкерлерінің сырт бейнесі жағынан айырмашылығы. Мұндайды көрген екі-жеті жасар жаңадан өмірге көзқарасы қалыптасып келе жатқан балада сезім деген қайдан болсын? Сондай құбыжықтарды көрген баланың сән, әдемілік, сұлулық туралы түсінігі де қорқынышты.
Бұрынғы мультфильмдер қандай еді? Қасқыр мен қоян туралы «Қап, бәлем, тоқтай тұр!» («Ну, погоди!»), қонжық пен торай туралы «Винни Пух және бәрі, бәрі, бәрі», мысық пен тышқан жайлы «Том и джерри», «Алиса ғажайыптар әлемінде», «Чиполлино», «Буратино», қазақ мультфильмдерінен «Құйыршық», «Ер Төстік», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», т.т. Керемет қой! Кейіпкерлері бір-біріне мейірімді, достары бір-бірін сыйлайды. Өзім осы мультфильмдерді әлі күнге дейін қызыға көремін, көріп ерекше әсерге бөленемін. Бейне бір балалық шағыма саяхаттап қайтқандаймын. Қайдам, аниматорлардың өздерінше заман ағымына байланысты жасап жатқан «жаңалықтары» ғой. Бұрын теледидардан кешкі тоғыз жарымда «Қайырлы түн, балақайлар!» («Спокойной ночи, малыши!») деген бағдарлама үзбей көрсетілетін. Әлі күнге есімде, осы бағдарламаның уақыты тақалғанда, жуынып-шайынып, жатарда киетін киімімізді киіп, теледидар алдына інім, сіңлімменен дайындалып отыра қалатынбыз. Ол аяқтала салысымен, төсегімізге барып жататынбыз.
Ал қазіргі мультфильмдердегі кейіпкерлер ызақор, ашушаң, бірдеңе болса, кек қайтаруға, жұдырық ала жүгіруге, өшігіп, айналасын жойып жібере жаздауға дайын тұрады. Зәреңді ұшырады. Өкінішке орай, кей ата-аналарымыз балаларының не көріп жатқанынан бейхабар. Әйтеуір, 40 минут не жарты сағат үйде тыныштық орнағанын жандары қалап, баласының «сананы улағыш қорапты» көріп отырғанына мәз болады.
Кейін балалары өсе келе, мінезіндегі кемшіліктерді, өзгерістерді көріп, «сен кінәлісің, дұрыс тәрбие бере алмағансың» деп әке мен шеше бірін-бірі кінәлап жататынын да жасыра алмаймыз.
Пайдалы ма, әлде зиян ба?
Дүкен сөрелерінде агрессивті бейнедегі ойыншықтар қаптап кеткендігінде тұрған таң қаларлық ештеңе жоқ. Теледидарды қоссаңыз да жетіп жатыр, агрессия бейнесіндегі неше түрлі кейіпкерлерді көресіз: төбелеске толы, шытырман оқиғалы, соғыс, қырғын туралы фильмдер, кейде соңы адалдықты зұлымдықтың жеңуімен аяқталатын фильмдер, түрлі қорқынышты фильмдер, т.б. Ал кей балалардың арасында «ғажайыпқа толы қораптың» алдында тек бір сағат емес, күні бойы отыратындары да бар ғой. Сөйтіп, үлкендердің қырғынға толы әлеміне енгісі келіп, тез есейгенін қалайды. Содан кейін сол көргендерін шынайы өмірде ойын барысында келтіріп, бейнелейді: құрбыларын кепілдікке алады, оның не екенін білмесе де жезөкше болады, қансорғыш құбыжықтар бейнесіне енеді, жан-жағындағыларды ойыншық тапаншасымен көздеп «атам, қолыңды көтер» дейді, «мен сені өлтіремін» дейді, болмаса, тамағынан қылқындырады немесе ата-анасынан «кинодағындай» құбыжықтарды сатып алып беруін талап ете бастайды. Сонда сіз не істейсіз? Алып бересіз бе, әлде ұрсып қоя саласыз ба? Ойыншық сатушылар «әрине, алып беріңіз» деп, сізді дегеніне көндіреді. «Робот-трансформер сыртынан қорқынышты болғанымен, құс болып жиналады» деп ойлай бастайсыз сіз. Қалың бояуы баттасқан Братц қуыршағы ма? Айналаңызға көз салып қараңызшы, барлық жасөспірімдер де сондай. Сізге тағы не ұнамайды? Силиконды өрмекші ме? Бірақ оның аяқтары тірі өрмекшінікіндей жыбырлайды ғой. Бәрінің кеудесінде «жаны бар» тәрізді.
Сатушылардың өзіндік ойы бар. Кейбір психолог мамандар да солармен ниеттес. Олардың пікірінше, агрессивті бейнедегі ойыншықтар баланың бойындағы ыза мен ашуды сыртқа шығаруға көмектеседі екен. Бала кинодан «өлтіргіш роботты» көріп, шошып қалады. Ал соны дүкеннен сатып алса, онымен ойнап, өзінің бойындағы үрейін «жеңіп» тынышталады.
Бірақ көптеген психолог мамандардың бұған көзқарасы басқаша. Бірқатар зерттеулерге қарағанда, агрессивті бейнедегі ойыншықтар баланың бойында агрессияға агрессиямен жауап беруді, сонымен қоса, түрлі психикалық және соматикалық ауытқушылықтарды да (ашуланшақтық, кейігіштік, ұйқысының бұзылуы, т.б.) тудырады.
Осыдан он жылдай бұрын «покемон» ойыншықтары бәріне жақсы таныс болатын. Жапониядағы көп балалардың бойынан осы мультфильмді көрген соң, ұстамалы қояншық ауруы (эпилептические припадки) байқалған. Содан соң басқа елдердің де бұл ойыншыққа қызығушылығы төмендеді.
Қазіргі жаңа заман ойыншықтарына өкінішке орай, психикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сараптамалар жасалмайды. Тек материалын, бояу тәсілін, құрастырылуын, т.б. техникалық бөлшектерін ғана тексереді.
Сатып алуына тыйым салуға болмайды
Әрине, ең дұрысы — балаға үрейлі «құбыжық» ойыншықтарды мүлдем сатып алмау. Бірақ баланың жаны тыйым салынған нәрсеге құмар болып келеді ғой. Өзіңіз рұқсат етпесеңіз де, ол досына барып, құмары қанғанша сол ойыншықпен ойнап келеді. Сондықтан психолог мамандар мұндай жағдайда ата-аналарға төмендегідей ұсыныстарды айтады:
- Балаңыздың агрессивті бейнедегі ойыншықтармен, ойындармен, фильмдермен танысу уақытын шектеуге тырысыңыз. Әсіресе, сәби, бүлдіршіндерге әзәзілдер мен құбыжықтарды сыйға тарту қауіпті: 2-ден 5-ке дейінгі жас мөлшерінде сәбидің қабылдау әсері психикасында сақталып қалады. Балаңыз робот-трансформерді қалай ма? Одан гөрі сүйкімдірек үлгісін табуға тырысыңыз және оған қосымша қуыршақты да алыңыз (балаңыз ұл болса да). Егер ұлыңыз роботтар шайқасын ұйымдастырса (ол бұны міндетті түрде жасайды), онда көліктер босқа емес, қуыршақты қауіп-қатерден құтқару үшін «сынып жатқанын» бейнелесін.
- Ұлыңызға ойыншық тапаншаны мүлдем сатып алып бермеу дұрыс емес (барлық кезеңде де ұлдар атысып ойнаған). Бірақ үйіңізді әскери қоймаға айналдыру қауіпті. Балаңыздың ойыншық тапаншаны қолына қаншалықты жиі алатынына назар салыңыз. Аңшы мен жауынгердің түйсігі оның бойында жиі ояна ма? Уайымдаудың қажеті жоқ. Егер балаңыздың бар ойыны үнемі атыспен өтетін болса, онда бұл — басқа мәселе. Бұл — кішкентайыңыздың ішкі жан дүниесінің сыртқы жан дүниесімен қақтығысы деген сөз. Ол тек құрбыларын ғана «көздей» ме? Мүмкін, ол құрбыларымен тіл табыса алмай жүрген шығар. Ата-анасын торуылдай ма? Демек, олар — оған тым қатал. Айналасындағылардың бәрін нысанаға ала ма? Яғни әлем оған — дұшпан, агрессивті орта. Сіз оның бойындағы үрейді жеңуіне көмектесуіңіз қажет.
- Балаңыздың бөлмесінде жұмсақ ойыншықтар (қонжық, ит, қоян, мысық, т.б.) анағұрлым көбірек болсын. Америкалық зерттеушілердің дәлелдеуінше, сабалақ, жұмсақ ойыншық иттер мен қоңыр қонжықтар бала бойындағы агрессияны басады екен.
- Егер қызыңыз бояуы қалың сұлу «бикештерге» құмар болса, оған қуыршағының мектепке де баратынын, тамақ дайындайтынын, ауырып қалған қоңыр қонжыққа қамқорлық жасай алатынын, т.б. түсіндіріңіз. Әйтпесе, тек бір ғана сабақты меңгеріп алады: нағыз әйелдің өмірі – құмарлық пен қызыққа толы. Ал есейгенінде егер оның қымбат киім-кешектері, зәулім үйі, жеке ұшағы болмаса, қатты психологиялық соққы алуы мүмкін.
- Электронды ойыншықтарды өте көп алып берудің қажеті жоқ. Олар бала қиялын тежейтіндігімен қауіпті. Қиялындағы ойларын іске асыра алмай қалады: құлағын бассаң — аю шыңғыра бастайды, бір табанын бассаң — секіреді, екінші табанын бассаң — өлең айтады. Психолог мамандар балалардың электронды ойыншықтарға шамадан тыс қызығушылығы жетілуі жағынан құрбыларынан артта қалады деп есептейді.
Білгеніңіз жөн
Егер кейбір психологтардың үрейлі ойыншықты балалардың бойындағы агрессияны жеңуге көмектеседі деген пікірін шындыққа жанасады деп есептесек, онда неге мұны басқаша істемеске?
Мысалы, анасы немесе әкесі жұмыстан шаршап келгенде айналасына бала-шағаларын жинап алып, қорқынышты ертегіні айтып, шаршаған жүйкесін басады екен. Бірнеше ғасырлар бұрын бұл топтық психотерапия әдісі боп есептелді.
- Бала ертегіні тыңдағанда кейіпкердің тағдырына алаңдауды үйренеді және есейе келе, өмірдегі кездесетін қиын жағдайларда оңай шешім таба алады. Ал ертегілердің өн бойында драмалық кезеңдері болмаса, негізгі идеясы айқындалмай қалады.
- Ертегі арқылы балалар өзінің жеке агрессиясы мен қорқынышын игере алады, сондықтан балаңыз қызыл телпекті жеп қойған қасқыр туралы ертегіні қайта-қайта оқып беруіңізді өтінсе, оған алаң болмаңыз.
- Ертегінің тағы да бір пайдалы әсері: балалар жаман қылықтары мен әрекеттері үшін жазадан ешкім құтылып кете алмайтынын түсінеді. Ертегілердің бәрі қандай қорқынышты, зұлымдыққа толы болғанымен, әділдік пен сұлулық түбінде жеңеді.
Бүгінгі күнде бұл қызметті қорқынышты фильмдер атқарады. Балаларға мұндай фильмдерді көрсетпеуге әрекет жасау қажет. Сол қорқынышты кинолар арқылы балалардың агрессия, зұлымдық, т.б. бар жаман қасиеттері бойын билеп алады да, жан-жағына өшпенділікпен қарайды.
Нұрбану ОМАРОВА
Макаланын авторына шексиз алгысымды билдиргим келеди. Макала оте накты, типти карапайым уй шаруасындагы айелдерге, жалгызбасты акелерге де тусиникти екени айгак. шынын айту керек, казирги ойыншыктар, коретин кинолар мен мультфильмдер шынымен де баланын бойындагы агрессияны, коркынышты, зулымдыкты оятады. сондыктан, биздин депутаттарымыз, теледидардан сондай кинолар мен мультфильмдерге тыйым салынса екен жане кешкурым уакытка дейнги кишкентай баланын коретин киноаларынын гана корсетсе екен
Құрметті Нұрбану Омарова Сіздің жазған мақалаңыз, қызмет етіп жатқан салаңыз біздің алдағы болашағымыз балаларымызды дұрыс тәрбиелеу туралы үлкен мағлұмат береді. Шынында да ел болам десең бесігіңді түзе дегендей, бірінші қатардағы мәселе – бала тәрбиесі болып табылады. Оны дұрыс ұйымдастыра білуде біздің басылымдарымыздың, теледидар арналарының маңызы, тәрбиелік мәні өте үлкен. Ал оның нәтижесі журналисттер қауымының ерен еңбегінің арқасында жағымды сипатқа ие болмақ. Сізге жұмысыңызда зор табыс, жанұяңызда тыныштық, оқырмандарыңыздың шексіз алғысын тілеймін.
нұрбану Омарова сіз жазған мақаламен толығымен қосылам. Бала тәрбиесінде ойыншықтың рөлі үлкен.осындай мақалалар жазып тұрсаңыз біз секілді аналарға үлкен қамқор болар еді