Ойыншығың қандай, балақай?

Ойыншық — баланың серігі. Бүлдіршіндер ішкі сырларын ойыншығымен бөлісіп, сырласады. Бірақ сауда айналымындағы ойыншықтардың саны көп болғанымен, сапасы мардымсыз. Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімі мамандарының  мәліметіне жүгінсек, өткен жылы сауда орындарында токсикологиялық зерттеуге алынған 435 ойыншықтың 25-і талапқа сай келмеді. Ойыншықтарда адам төзгісіз иіс бар және формальдегид қосындысы мен толуол сұйықтығының құрамы мөлшерден артық…

news.injuryboard.com, Балалар ойыншығы
фото: news.injuryboard.com

Қазір базардан балаңызға қажетті ойыншықтың түр-түрін табасыз. Аң бейнесі  үлгісінде түрлі-түсті матадан тігілген жұмсақ қуыршақтар, асүйлік бұйымдар, үлкен машиналар, «Барбилер» бөбектерді ғана емес, үлкендерді де еріксіз қызықтырады.

Бірақ көп ойыншықтың қатарында балалардың ойлау қабілетін жетілдіретін, ұлттық нақыштағы ерекшелігімізді, салт-дәстүрімізді насихаттайтын отандық ойыншық­тар жоқ. Ал көбіне Ресей мен Қытайдан әкелінетін тауарлардың бағасы шарықтап тұрғанымен, сапасы сын көтермейді. Кейбір ойыншықтардан жағымсыз иіс бөлініп, бала денсаулығына кері әсер етеді. Әрісін айтпағанда, қыруар қаржыға келген бұйым әп-сәтте сынып, кәдеге жарамай қалады.

Жалпы заң негізінде әрбір ойыншық «Халық тұтыну тауарлары және көрсетілетін қызметтерді сертификаттау тізіміне» сәйкес сапа құжатына ие болуы шарт. Сондықтан әрбір  тұтынушы ойыншық сатып аларда оның сапасына ғана емес, таңбалау сертификатына да қарағаны жөн. Ақтөбе облыстық ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы сәйкестікті растау бөлімінің бастығы Гүлшат Тәкенова мұндай таңбалау сертификаты белгілі бір мерзімге берілетіндігін айтады.

— Қаламызға ойыншықтар көбіне Ресей мен Қытайдан әкелінеді. Бізге дайын күйінде келген тауар бірден сатылымға жіберілмейді. Әр ойыншық бала өмірімен тығыз байланысты болғандықтан, алдымен өнім сараптау зертханаларынан қауіпсіздік шаралары бойынша тексеруден өткізіліп, содан соң сәйкестік сертификатына ұсынылады. Сертификат алу үшін ойыншықтардың өзіндік таңбасы болуы керек. Таңбада өнімнің шыққан Отаны, химиялық құрамы, қауіпсіздігі, пайдалану мерзімі жазылады. Сонымен қатар қай жастағы бүлдіршіндерге ойнауға арналғандығы жөнінде мәліметтер болады.

Маманның айтуынша, бүлдіршін ойыншығы талғамға сай, сапалы болғаны жөн. Тауарды сатып алушы түсіне ғана емес, сапасына, педагогикалық-психологиялық, биологиялық, медициналық қасиеттеріне, санитарлық-гигиеналық, техникалық, механикалық қауіпсіздігіне де назар аударуы керек.

Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті қызметкерлері сауда орындарын тексеріп, арнайы рейдтік шаралар жүргізетіні мәлім. Өткен жылдың қорытындысы барысында, тексерілген 435 ойыншықтың 25-і санитарлық талаптарға сәйкес келмеді. Ойыншықтарда шамадан тыс иіс пен түрлі химиялық қосындылар  тиісті нормадан біршама артықтығы анықталды. Ал сапасыз ойыншықтар сатқаны үшін сатушыларға айыппұл салынды.

— Ақтөбе облысы бойынша 24 сауда нүктесі бар. Олардың барлығында тұрғындарға қажетті өнімдер сатылады. Ал ойыншықтар әлемін қаламызға жеке кәсіпкерлер әкеледі. Біз жылына бір рет барлық сауда орындарын тексеріп, рейдтік шаралар жүргіземіз. Талапқа сай келмейтін ойыншықтар сатылымнан алынып, сертификатсыз сауда алаңдары жабылады. Өткен жылғы тексеру барысында ережеге сай келмейтін ойыншықтар «Шығыс» орталық базарында және «Астана», «Жанар» сауда үйлерінен табылды, — дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мектепке дейінгі балалар және білім беру ұйымдарының санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бастығы Лаура Қаналина.

Ойыншықтың материалы неғұрлым қарапайым, солқылдақ болғаны жөн. Мұндай үлгідегі ойыншықтар баланы ешқашан жалықтырмайды. Мәселен, доп, кубик, қуыршақ тәрізді ойыншықтар үнемі бүлдіршіннің қолынан түспейді. Егер ойыншықтың материалы ажарлы болса, ол соғұрлым бала мінезінің жақсы қалыптасуына, жаттығуына дағдыландырады. Және бір ескеретін жайт, кейде балалар жаңа сатып әперген ойыншықты сындырып, ішкі құрылысымен танысқанды жақсы көреді. Мұндай сәтте ашуланбағаныңыз жөн. Ойыншық балаға ұнаса, оны бірден бөлікке бөліп, ішкі құрылысына үңіледі. Осылай бүлдіршін өз ойымен түзетуді, қайта құрастыруды үйренеді. Сәбидің жас ерекшеліктеріне қарай ойыншықтар да түрге бөлінеді. Сондықтан ойыншық сатып аларда бала талғамына, жасына қарағаныңыз абзал.

— Ойыншық таңдарда оның қауіпсіздік ерекшелігін қарау керек. Мәселен, 2-3 жасар бала машина мен қару-жарақты қалай қолдану керектігін білмейді.  Әрі механикалық қауіпсіздігі жағынан бұл ойыншықтар баланың денесін жаралап, мінез-құлқына, сана-сезіміне әсер етуі ықтимал. Сондай-ақ ойыншық белгілі мөлшерден артық дыбыс берсе, сәбидің жүйкесі бұзылады. Сондықтан әрбір ата-ана ойыншықты сатып алмас бұрын «бұл ойыншықпен қалай ойнайды?» деген сауалға жауап іздеген жөн. Ал бизнеспен айналысатын кәсіпкерлер ақша табудың көзін емес, бала өмірінің қауіпсіздігін, денсаулығын ойлағаны жөн. Қазақ балаларына тәрбиелік мәні бар, адамгершілікке баулитын ойыншықтар керек. Өкінішке орай, бізде отандық өнім шығаратын мамандар жоқ. Тек тауарларды дайын күйінде сатып алып, тексеруден өткіземіз, — дейді Гүлшат Тәкенова.

Бояуы тым қанық, алыстан «менмұндалап» тұрған ойыншықтардан сақтанған жөн. Себебі бояудың құрамында фенол, формальдегид, қорғасын элементтері бар. Бұл заттар адамның жүйке жүйесіне, көз бен тыныс алу мүшелеріне кері әсер етеді. Бала кез келген нәрсені алдымен аузына салады, сондықтан ойыншық сатып аларда аса ұқыптылықпен қарағаныңыз абзал.

Ұлттық өнімдер көбейсе…

Балалардың ертегілерді жақсы тыңдайтынын білеміз. Егер қазақ ертегілерінің желісімен ойын­шықтар жасалса,  бұл таптырмайтын сыйлық болар еді. Бүлдіршіндер үшін батырлар асынған қару-жарақ, мінген арғымақ пен киген дулыға-сауыттары қызықты. Әрісін айтпағанда, ен далада жайылған  төрт түлік мал мен жануарлардың өзі сәбилердің бір-бір ойыншығы…

Бүгінде әрбір қазақ баласының қолынан көк көзді, жалбыр сары шашты қуыршақ пен шетелдік жаңа үлгідегі машина, соғысуға бейім пистолет, «Терминатор» тәрізді ойыншықтарды көресің. Бәлкім, отандық ойыншықтар болмағандықтан, ата-аналар сынаптай сырғып, тез сынатын қытай ойыншықтарына мұқтаж болар. Ал егер сол қуыршақтар таза жүннен не мақтадан, машиналар ағаштан не темірден жасалған болса бала кішкентайынан қоршаған орта туралы дұрыс мәлімет алар еді. Бірақ бізде он саусағынан өнері тамған шеберлер болғанымен, қолдау танытып, демейтіндер аз.

Ақбота Үмбетова Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтындағы кәсіби шығармашылық факультетінің оқытушысы. Ине мен жіпті жасынан серік еткен Ақбота апай студенттерге тігіннің небір түрін үйретеді.

— Қазіргі түрлі-түсті маталардан тігілген қуыршақтар, «Барбилер»  көзге сүйкімді көрінгенімен, көңілге қонымсыз. Олар тез жыртылып, сынып қалады. Ал кәдімгі жүн, мақта, маталардан тігілген қуыршақтар, әдемі ойыншықтар балалар үшін тиімді. Әрі ата-аналардың көңіліне қорқыныш ұялатпайды. Мен көбіне елімізде мекендейтін жануарлар мен төрт түлік малды, қазақы киім кигізілген үлкен қуыршақтарды тігемін. Жалпы, қолдан жасалған өнімге қазір ықылас танытушылар көп. Егер бұл кәсіпті жандандырса, балалар үшін тиімді болар еді, — дейді Ақбота апай.

Ақбота апайдың қолынан шыққан көркем дүниелер балабақшаларға ұсынылып, түрлі көрмелерге қойылып жүр. Базардағы «үлбіреп» тұрған қуыршақтарға көңілі толмайтын маман балаларына ойыншықтарды жаңа үлгімен, табиғи матадан өз қолымен тігіп береді екен.

…Ойын, ойыншық десе көз алдыма құм үстінде асыр сап ойнаған ауыл балалары елестейді. Қар еріп, күн жылынғанда, жер бусанып, мал жайылымға шыққанда ауылдағы кішкентайлар қолдарына асықтарын алып ханталапай, арқаласпақ ойнап, асық атып, өзара дуылдасып жатады. Ал одан кішілері шыбықты ат қылып мін­іп, бір-бірін қуалайды не доп тебуге кіріседі. Асықтан кейінгі ойын — ләңгі. Қойдың үлпілдеген жүнді терісіне қорғасын құйып, оны күн көзіне кептіріп алып, ләңгі етеді. Бір қарағанда ләңгі мен доп тебу, шыбық міну ауыл баласының ұлттық ойыншығы тәрізді. Бәлкім, ауылдағы қарадомалақтардың ғана ойыншығы қытайлық емес шығар.

Айгүл ЖҰБАНЫШ, ақпарат көзі: Ақтебе газеті

Яндекс.Метрика