Токсикоз деген не?
Болашақ ананың құрсағына ұрық бітіп, ұрықтың көлемі өзгергенде, әйелдің ағзасында өзгерістер болады. Денсаулық жағдайының ауытқып тұруына байланысты аяғы ауыр әйелде токсикоздар пайда болады. Оның негізгі себебі — метаболизмнің (ағзадағы зат алмасу) бұзылуы. Токсикоздың екі түрі бар: алғашқы (ерте) токсикоз және соңғы (кеш) токсикоз.
Алғашқы (ерте) токсикоз жүктіліктің алғашқы кезеңдерінде болады, 6-аптадан бастап 12-аптаға дейін созылады. Бұл кезеңде әйел тұнжыраңқы болады, көңіл-күйі болмай жүреді, жүрек айну болады, кезде сілекей ағады. Тәулігіне 1,5 л. немесе одан да көп мөлшерде сілекей ағуы мүмкін. Бірнеше рет лоқсу байқалады. Бұл ретте әлсіздік, ұйқышылдық, күйгелектік (ашушаңдық) және салмақ жоғалту болады. Күніне 20 реттей шамадан тыс көп лоқсулар болады. Ең қиыны да осы. Бұл жағдай жүкті әйелдің арықтауына әкеп соғады. Терілері құрғап кетеді, ауыз қуысынан жағымсыз иістер шығады, дене қызуы көтеріледі, жүрек соғысы жиілейді, артериялық қан қысымы төмендейді. Кей жағдайларда катты әрі көп лоқсудың салдарынан жасанды жолмен түсік тастауға тура келеді.
Токсикоз кей жүкті әйелдерде босанған уақытқа дейін жалғасады. Мұндай жағдайлар сирек кездеседі.
Токсикоз кезіндегі ауруды тұрмыстық өмірдің қамымен жүріп, үдетіп алуға болмайды. Өздеріңізді »Жүктілік кезіндегі қалыпты жағдай бұл» деп жұбатпаңыздар. Тез арада дәрігерге көрініңіздер.
Жүктіліктің алғашқы жартысындағы токсикоз тек сіз үшін ғана емес, сонымен бірге жатырдағы баланың дамуына да кері әсерін тигізеді. Лоқсулардың салдарынан жүкті әйелдің ағзасы құрғақтанып, балаға қажетті су мен қоректік заттардың мөлшері кеміп кетеді . Ал бұл кезең іштегі баланың миы жетілетін уақыт болып саналады. Демек, алғашқы токсикоз жауапсыздықпен қарайтындай жеңіл ауру емес.
Алғашқы токсикоз неден пайда болады?
Баланың жолдасы (шу) өндіретін гормондардың ішінде лактоген гормоны бар. Ол метаболизмге (зат алмасу) белсенді түрде әсер етеді. Май қышқылдарының мобилизациясын арттырады да әйелдің ағзасындағы ақуыздың (белоктар) синтезін бәсеңдетеді. Есесіне, балаға баратын амин қышқылдарының қоры артады. Ал амин қышқылдары бала ағзасының ұлпаларын түзуге қатысады. Нәтижесінде бала мен баланың жолдасы өздерінің қажеттіліктерін »сұрау» арқылы әйелдің ағзасындағы зат алмасу процесін басқарады. Мұндай жағдайға дағдыланбаған әйелдің ағзасы жаңа жағдайларға үйренісе алмай қиындыққа ұшырайды. Міне, жүктіліктің алғашқы жартысындағы токсикоз деген осы.
Токсикозға қарсы дәрі-дәрмектер — жақсы тамақтар.
Жүктілік кезіндегі лоқсу қатты болмаса, іштегі ұрыққа қатты әсер етпейді. Көп мөлшерде сұйықтықтар мен жақсы тамақтансаңыз, солардың аздаған мөлшері қорытылып, ағзаға сіңсе, соның өзі жеткілікті.
Егер сіздің ауруыңыз таңертемен басталатын болса, орныңыздан тұрып, таза ауада тынығыңыз. Сондай-ақ, таңғы асқа дейін құрамында содасы бар крекер (құғақ печенье) және құрғақ тост (тостерде дайындалған нан тілімі) жеу ауруды басуға көмегін тигізеді.
Асқазанда үнемі қорек болу үшін қысқа уақыт аралықтарында жеңіл тамақтанып жүрген дұрыс. Күн шуақтың астында және ыстық жерде қалмауға тырысыңыз, өйткені ыстық айнала ауруды қоздырады.
B6 дәрумені (витамині) жүкті әйелдердегі таңертеңгілік ауруды басады.
Көп мөлшерде сұйықтықтар (сусындар) ішіңіз. Мысалы, имбирь деген өсімдіктің өнімін шай мен газды суға қосып ішу таңғы ауруды жеңілдетеді.
Ащы тағамдар мен салаттарды жемеңіз. Тұзды, майлы тағамдарды жемегеніңіз абзал. Күнделікті жейтін тағамдардың құрамы дәнумендер мен көмірсутектерге бай болғаны дұрыс. Дәнді-дақылдар жеген де пайдалы.
Күнделікті жеңіл дене жаттығуларымен шұғылданыңыз. Бірақ босанар кезде емес. Жеңіл түрдегі жаттығулар денедегі қан айналымын жақсартады. Қан айналымы токсикоз үшін де маңызды рөл атқарады. Себебі, қан айналымы дұрыс болмаса, зат алмасу да дұрыс болмайды. Ал зат алмасу токсикоздың негізгі себебі болып саналады.
Ұқсас мақалалар
Жүктілік кезінде кездесетін кейбір қолайсыздықтар
Аяғы ауыр әйелдердің дұрыс тамақтануы
фото: detki163.ru