Жүктіліктің бесінші айынан бастап аяғы ауыр әйелдің іші шығады. Жүктіліктің соңына қарай қарны (іші) үлкейіп кетеді. Алғашқыда қалыптасып кеткен ұйқыдағы күйіңізде ұйықтай алмайсыз. Себебі шыққан ішіңізбен «санасуға» тура келеді. Бір-екі түндік жайлы ұйқыңызды қисаңыз, жаңа қалыпқа (күйге) үйреніп аласыз.
Жүктіліктің алғашқы кезеңінде, іш шықпай тұрып та ұйқы мәселелері болып тұрады. Ол кездегі мәселелер көбіне психологиялық жағдайлармен байланысты. Ал іш шыққан кейінгі ұйқы мәселелері физикалық және физиологиялық жағдайларға байланысты туындайды.
Неге аяғы ауыр әйелдерге босанардан бірнеше апта алдын шалқасынан жатып ұйықтауға болмайды?
Жүктіліктің соңғы апталарында жатыр ауырлап, шалқалай жатқан кезде жатырдағы қанды жүрекке тасымалдайтын тамырларға қысым түседі, қан қысымы түсіп кетеді, тыныс алу қиындайды, геморрой болса, қиындатып жібереді, белге салмақ түсіп, беліңіз ауырады.
Бұлай жатқанда төменгі жамбас аймағындағы қан қамырлары қысылып қалады. Соның салдарынан дененің төменгі бөлігіндегі қанның жүрекке жетуі қиындап кетеді.
Мен етбетіммен жатып үйреніп қалып едім. Ішім шыққанда қалай ұйықтасам болады?
Ішіңіз шыққанда сүйікті ұйқы қалыбыңыздан бас тартуыңызға тура келеді. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да солай ету керексіз. Өзіңіз елестетіп көріңізші, үлкен қарбызды ішіңізбен басып жату ыңғайлы ма? Әрине, ыңғайлы болмайды. Ең қауіптісі, жатырдағы ұрыққа үлкен қысым түседі. Ұрықтың сыртында амниотикалық сұйықтықтан тұратын қорғаныш қабатының болғанына қарамастан, айтарлықтай қысымның салдарынан ұрықтың зақымдалуы мүмкін.
Ең тиімді ұйқы қалыбы қандай?
Іші шыққан жүкті әйелдер үшін ең тиімді ұйқы күйі — сол жағымен жатып, аяқтарын созып, аз қималдайтын болып ұйықтау. Ұйқы кезіндегі қималдарды азайту үшін ұйықтардан екі сағат алдын су ішуді доғару керек. Сол кезде ұйқыңызды бөліп, әжетханаға көп тұрмайсыз.
Сол жағымен жату әйел үшін де, болашақ сәби үшін де пайдалы. Аяқтарын соқып, арасына жастық қоюына да болады. Аяқтардың созылып жатуы бүйректің жұмысын жақсартады. Бүйрек жақсы жұмыс істесе аяқта ісіктер пайда болмайды.
Егер сол жақ қырыңызбен жатып, түнде шалқалай жатқан күйде оянсаңыз, қайтадан сол жақ бүйріңізге ауысыңыз.
Ұқсас мақалалар
Жыныстық қатынас (сұрақ-жауап)