Жүкті әйелдің ағзасындағы өзгерістер

Жүктілік кезінде болатын әйел ағзасындағы өзгерістер әртүрлі қолайсыздықтарға толы.

Ерте басталған токсикоз
Ерте басталған токсикоздың белгілері төмендегідей: қатты шаршау және себепсізден-себепсіз ашулану, жүректің айнуы (кейде құсу), басының айналуы немесе бас аурулары, өткір иістерден жиіркену, сілекейдің бөлінуінің көбеюі, бір түрлі аспаздық құмарлықтардың пайда болуы (бірдеңені қатты жеуге құмарту – жеріктік). Бұл – оның жүкті екендігінің белгісі. Бұл белгілер бойға бала біткен кезден басталады және жүктіліктің 12-13 аптасына дейін созылады. Мұндай қолайсыздықтарды жеңілдету үшін төмендегі өте қарапайым кеңестер көмек болады:

  • артық күш жұмсамауға тырысыңыз, таза ауада көбірек демалыңыз, үйдегі жұмыстардың көп бөлігін жақындарыңыз өз мойнына алсын;
  • көбірек серуендеңіз;
  • ұрыс-жанжалдан және стресстік жағдайлардан аулақ болыңыз;
  • хош иісті сулар мен иісі бар дезодоранттарды қолданудан бас тартыңыз.

Токсикоздың ішіндегі ең жағымсызы – жүректің айнуы мен құсу. Кейбір жүкті әйелдер көбіне таңертең немесе тамақ ішкеннен соң құсуы мүмкін. Бұл қолайсыздықпен қалай күресуге болады? Біріншіден, тамақтану тәртібін өзгертуіңіз қажет – күніне 6-7 рет аздан жегеніңіз жөн. Аз мөлшердегі тамақтану асқазаныңызға артық салмақ түсірмейді. Таңғы асыңыз бен ұйықтар алдындағы кешкі асыңызды төсекте отырып жеуіңізге болады. Мүмкін салқындатылған тамақ ағзаңызды тыныштандыратын шығар. Сусындардың ішінен ащы жалбыз (перечная мята) және жаужапырақ (мелисса) тұнбасын ішуге болады. Егер құсуыңыз күніне бірнеше рет қайталанса, онда ағзаңыздың құрғап кетуінен сақтану үшін бір тәулікте ішетін сұйықтықтың мөлшерін арттыруыңыз қажет.
Бірақ болашақ ананың денсаулығы мен сәбидің қалыпты жағдайда дамуына қауіп келтіретін ерте басталған токсикоз патологиялық жағдай болып табылатынын естен шығармаңыз. Сондықтан оның алғашқы белгілері туралы жүктілігіңізді бақылап жүрген дәрігерге міндетті түрде айтуыңыз керек.
Егер әйелдің ерекше нәрселерге жерігі ауып тұрса (кейбір жүкті әйелдер топырақ жегенді, сазды, мұзды кеміргенді қалайды), міндетті түрде дәрігерге ескерту қажет, өйткені бұл өзгерістер ағзаның құрамында кейбір дәрумендер мен микроэлементтердің жеткіліксіздігін көрсетеді.

Есте сақтаңыз! Токсикоздың белгілерін жою үшін түрлі дәрі-дәрмектерді өз бетімен қолдануға болмайды.

Токсикоз жайлы толығырақ

Артериалық қысымның төмендеуі
Артериалық қысымның (АҚ) төмендеуі – жүктілік кезінде көп қайталанатын жайсыз жағдайлардың бірі. Әсіресе бұрыннан қан қысымы төмен әйелдерде көп байқалады. АҚ 90/60 мм. дейін ауық-ауық төмендеуі әлсіздікті, бас айналуды тудырады, кейде естен танып, құлап қалуға дейін апарады. Аяқта ұзақ уақыт тұру, қапырық, қоршаған ортаның жоғары температурасы (әсіресе ыстық ванна қабылдау қауіпті), жеткілікті мөлшерде дұрыс тамақтанбау жағдайыңыздың нашарлауына әкеп соқтырады. Гипотонияға (артериалық қысымның төмендеуі) бейімі бар жүкті әйелдерге күн тәртібін сақтау маңызды (түнде 9-10 сағат және күндіз 1-2 сағат ұйықтау, дұрыс тамақтану). Тағам құрамында тек дәрумендердің мөлшері ғана емес, сонымен бірге, ақуыздар мен сүтті тағамдар, ет, балық, жұмыртқа міндетті түрде болуы тиіс. Гипотонияның ең тиімді емдеу шараларының бірі ертеңгілік жаттығу, емдік денешынықтыру жасау, душ, денесіне салқын су төгу болып табылады, бірақ барлығы да дәрігердің келісімімен жүргізілуі тиіс. Барлық сергітетін дәрі-дәрмектер, сонымен бірге, өсімдіктерден дайындалған дәрілерді де тек дәрігердің белгілеуі бойынша ғана қабылдауға болады.

Зәр шығарудың жиілеуі
Жүктілік кезінде болатын белгілердің бірі. Бұл кезде ешқандай ауырсыну белгілері болмайды және бұл жүктіліктің ерте мерзімдеріндегі кішкене жамбас сүйектің айналасындағы қанайналысының күшеюіне байланысты. 4-айға қарай бұл жағдай жойыла бастайды. Бірақ жүктіліктің соңғы кезеңінде бұл қолайсыздықты қайтадан бастан кешіресіз. Себебі үлкейген жатыр қуыққа механикалық түрде салмақ түсіреді.

Сүт бездерінің өзгеруі

Сүт бездерінің өзгеруі
Сүт бездері жүктілік кезінде айтарлықтай өзгереді: Табиғат-Ана оларды сәбиін емізуге дайындайды. Төсіңіз көлемі жағынан үлкейеді, емізіктеріңіз қараяды, сезімталдығы артады (әсіресе емізіктің айналасында). Салмағы артқан сүт бездерінің қолайлы жағдайда болғаны маңызды. Төсіңізді тазалықта ұстаңыз, жылы сумен жиі жуып тұрыңыз. Міндетті түрде ыңғайлы көкірекше (бюстгальтер) алғаныңыз дұрыс. Жүктіліктің 10-12 аптасына қарай сүт бездерінің ауырсыну белгілері азаяды.
Екінші триместрден бастап төсіңізге арналған шынықтыру жаттығуларын жүргізген дұрыс: жылы ванна қабылдау, денені қарама-қарсы бағыттағы ылғалды ысқылаулар – бұл емізу кезінде сүт бездерінің қабынуының (лактациялық мастит) алдын алуға көмектеседі. Сонымен бірге, емізіктеріңізді таза, зығыр сүлгімен уқалау қажет, тіпті көкірекшенің ішкі жағынан қатты зығыр матаның кесінділерін тігіп қоюға да болады.

Жалғасы: Дененің көлемі мен салмағының өзгеруі

Яндекс.Метрика