Жүктіліктің 34-ші аптасынан бастап 36-шы аптасына дейінгі аралықта жатырдағы баланың орналасу қалып күйі белгілі болады. Жатырдағы ұрықтың (сәбидің) орналасу күйі қандай болу керек? Қандай орналасу күйлері болашақ сәбиге қауіпті болады?
Дүние есігін ашатын сәбилердің басым бөлігі (90%) анасының жатырында басын төменге қаратып жатады. Босану кезінде алдымен басын шығарады. Бұл — қалыпты орналасу күйі. Алдымен басын шығаратын сәбилерде туу кезіндегі оттегінің жетіспеушілігі, қолының қайырылып қалуы сияқты қиындықтар кездеспейді. Ал жамбастап орналасқан сәбилердің босану кезіндегі жағдайлары қалай болмақ?
Анасының жатырында жамбасын төмен қаратып, басып жоғары қарай бағыттап жатқан ұрықтың туылар кезде біраз қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бірақ ондай жағдайлардың барлығында босану кезінде оттегінің жетпей қалуы мен сәби қолын қайырып алуы ықтималдылығын алға тартып, бірден кесар тілігін жасай беруге бола ма? Бұл сұраққа канадалық мамандардың жасаған зерттеуінің қортындысы мен оған қарама-қарсы ұстанымдағы германиялық маманның тұжырымы бойынша жауап іздеп көрейік.
2000 жылы канадалық мамандар сәбилердің жатырдағы қалыпты емес күйіне байланысты зерттеу жасай отыра: Жамбастап отырған сәбиді кесар тілігі арқылы дүниеге келтіру табиғи жолмен (қынап арқылы) дүниеге келтіргеннен қауіпсіз болады — деген қортындығы келген. Бұл зерттеудің қортындысы шықпай тұрған кезде де әлемнің көптеген елдерінің көптеген босандыру орталықтарында жамбастап орналасқан сәбилерді кесар тілігі арқылы дүниеге келтіру әрекеті дағдыға айналып кетті.
Бірнеше жылдардан соң канадалықтардың жасаған тұжырымын жоққа шығаратын мәлімдеме жасалды. Германияның Нюрнберг қаласында орналасқан емхананың «Арнайы босанулар және перинаталдық медицина» орталығының жетекшісі доктор Вольфганг Кюлер алдын-ала қамданған жағдайда, білікті мамандардың қадағалауы болса, жамбастап орналасқан сәбилерді табиғи жолмен босандырудың еш қаупі жоқ екендігін айтты. Ол өзі жетекші ретінде қызмет ететін орталықта жыл сайын 80 сәбидің жамбасымен төмен қарай орналасқан күйде дүние есігін еш қиындықсыз ашатындығын мәлімдей келе, бұл тұжырымды бір емес бірнеше сенімді зерттеулердің қортындысы дәлелдеп бергендігін де айтты.
Негізі, жамбастап орналасқан сәбилерді кесар тілігі арқылы дүниеге келтіруді қажет деп санайтын медициналық негіздер (дәлелдер) көп те емес. Олар мыналар: сәби басының қарын бөлігінен үлкен болуы (көбіне толық жетілмегендерде болады), диабет ауруы бар жүкті әйелдер болса.
Неміс дәрігері жамбасы төмен қарай орналасқан сәбилердің дүние есігін ашулары ұзаққа, 100 минут, созылатындығын, әр бір үшінші ұмтылыс (табиғи жолмен босандыру) кесар тілігімен аяқталатындығын жасырмады. Табиғи жолмен босану үшін жоғары деңгейде жабдықталған арнайы орталық, босандыратын тәжірибелі дәрігерлерден бөлек балалар дәрігері мен анестезист дәрігер керек.
Жабасымен төмен қарап орналасқан сәбилердің табиғи жолмен дүниеге келулері үшін анасының толғағы күшті болуы керек. Толғағы күшті, іштегі сәбиі оңай икемге келсе және жоғарыда айтылған жоғары деңгейлі жағдайлар жасалса, онда табиғи жолмен де босануға болады. Алғаш рет босанғалы жатқан әйелдерді мамандар кесар тілігі арқылы босандырады.
Жатырдағы ұрықтың орналасу күйін өзгерту
Жатырда жамбасымен төмен қарап орналасқан сәбилердің арасында дүние есігін ашуға аз қалғанда басын төмен қарай салбыратып, орналасуын өзгертетіндері де болады. Ол әрекетті ертерек және оңай жасауы үшін төмендегі жаттығу әдістері арқылы сәбиге көмектесуге болады.
Мокса (Moxibustion) әдісі (төмендегі суретте). Дәстүрлі Қытай медицинасының Акупунктура бағытында қолданылған әдістің бірі осы Мокса әдісі. Мокса әдісімен былай әрекет етеді: акушер немесе емдеуші дәрігер жүкті әйелдің ең кішкентай башпайының сыртқы жағындағы бұрышына жусаннан жасалған мокса таяқшасын тұтатып басады. Ол нүкте әйелдің жатырымен тікелей байланысты. Қызған кезінде жатырдағы бала қозғалысқа түседі. Баланы қозғалту арқылы басын төмен қаратуға болады.
«Үнді көпірі» әдісі (төмендегі суретте). Бұл әдіс жемісті болуы үшін күн сайын екі рет 15 минуттай былайша әрекет етуіңіз керек: шалқайып жатасыз, аяғыңыз 40 см биіктікте көтеріліп тұруы үшін аласа үстел немесе соған ұқсас бір зат қоясыз (жіліншіктеріңіз (сирақтарыңыз) түзу жатулары керек), жамбасыңызға көпшік қоясыз, басыңызға еденнің қаттылығы сезілмес үшін кішкентай жастық қоясыз. Төмен қарай иіліп тұрған әйел жамбасы жатырдағы баланың айналуын жеңілдетеді.
Баланың жатырдағы орналасуы қалыпты болмаған жағдайда жүкті әйелдің ішін тартып байлауға арналған белбеу-бандажды пайдалануға болмайды!
фото: taoofwellness.com, hdy3.free.fr
Ұқсас мақалалар
45-65 жас аралығында алғаш рет жүкті болатын әйелдерде кездесетін қиындықтар
Кесар тілігі (Кесар тілігі операциясы)
Кесар (кесарево) тілігінен соң табиғи жолмен босануға бола ма?
Салеметсизбе. Менде бала терис орналаскан дейд. Енди не истеу керек? Казир 28 апта.