Әр адамның өмірі әр түрлі. Қазіргі уақытта әйелдердің автокөлік тізгінін ұстаулары үйреншікті болып барады. Біреу байлығын көрсету үшін мінсе, біреу күнделікті тіршілікке қажетті көлік құралы ретінде мінеді. Бірақ қандай мақсатпен мінгеніне қарамастан, қауіпсіздік — барлығы үшін өте маңызды.
Жүкті әйелдің іші шыға бастаған уақытта көлік тізгініне отырып, сақтық белдігін таққанда аздаған қолайсыздық пайда болады: іштегі балаға қысым түседі. Белдікті тақпауға тағы болмайды, өйткені, ол — сіздің қауіпсіздігіңіздің кепілі.
Қауіпсіздік белбеуін таққан кезде астыңғы бөлігін қарынның (құрсақтың) астына, жамбас сүйегінің үстіне орналастырып, аздап қысыңыз. Ал белбеудің жоғарғы бөлігі әдеттегісінше кеуде тұсыңызда тұра береді. Егер төменгі белбеу астыңғы жақта тұрмай, жоғары қарай шығып кете берсе, белбеуге қатысты бөлшектер сататын дүкеннен белбеуді ұстап тұруға (астыңғы жағынан таптып тұрады) арналған арнайы қосымша құралдарды сұрастырып көріңіз.
Егер, автокөлік тізгінін жүкті әйелдің өзі ұстаған жағдайда жол апаты орын алып, тізгінге соқтығысатын болса (қауіпсіздік жастығы болса да), іштегі сәбиге де соққы тиеді. Сондықтан тізгінді өзінен ең кемі 25 см қашықтықта ұстауы керек. Мүмкін болса, көлік тізгінін басқа адамға беріп, өзі артқы немесе жүргізуші жанындағы орында отыру керек. Сонда апатты жағдайлардың салдары жүкті әйел мен құрсағындағы сәбиі үшін аса ауыр болмайды.
Есте сақтаңыз!
Аяғы ауыр әйелдің қарны өскен сайын жатырдағы сәбидің дене көлемі де өседі. Демек, жатырдағы көп орынды сәбидің денесі алады да қағанақ сұйықтығы (амниотикалық сұйықтық) азаяды. Сұйықтық неғұрлым аз болса, оқыс қимылдардан сәбидің соққы алу ықтималдылығы соғұрлым арта түседі. Сондықтан жүктіліктің соңғы айларында жолға шығуды, автокөлік жүргізуді және қыдырымпаздықты азайту керек болады.
Ұқсас мақалалар
Жыныстық қатынас (сұрақ-жауап)