Жүктілік гестозы ауруы

Жүктілік кезіндегі гестоз ауруы — қазіргі акушерлік саладағы өзекті проблеманың бірі және аурулардың арасында алдыңғы орындарда тұр.
Гестоз — әйелдердің жүктілік кезіндегі асқынған ауру түрі, ол ана ішіндегі нәрестенің ең маңызды органдары мен жүйке жүйесі функциясының бұзылуымен сипатталады.

Жүктілік гестозы, Гестоз беременных, Жүктілік гестозы ауруы, Гестоз беременных фото,

Гестозбен ауырған әйелдерде созылмалы түрдегі бүйрек және гипертония аурулары қалыптасады. Сондықтан аурудың алдын алу шараларын қолданған жөн. Мұндай аналардан туған балаларда дене пішіні және психоэмоционалды даму жағынан бұзылыс туындайды.
Жүктілік гестозы екіге бөлінеді: алғашқы және соңғы. Алғашқы гестоз жүктіліктің алғашқы үш айлығында құсу және ауыздан сілекей ағуы секілді белгілер арқылы анықталады. Гестоздың пайда болуына іштен туа біткен және жүре пайда болған нейроэндокринді айналым жүйесінің жетіспеушілігі (гипоксия, инфекция, улану, тұқым қуалау факторлары) және де әйелдерде кездесетін патологиялық аурулар (жүрек-қан тамыры аурулары, гипертония ауруы, гипотония, қант диабеті, пиелонефрит, гломерулонефрит, т.б.) әсер етеді.

Соңғы гестоз — жүктіліктің үшінші үш айында кездеседі. Негізгі үш белгісі болады — ісік, зәр құрамындағы белоктың көбеюі және қан қысымының көтерілуі. Кейде бұдан да ауыр белгілері (құрысу, кома және т.б.) болуы мүмкін. Жүкті әйел салмағына артық салмақ қосылуы гестозға шалдыққандығын аңғартады. Ол кезде жасырын ісік пайда болады. Жасырын ісік дене салмағын жиі өлшеу кезінде және кіші дәрет көлемін анықтағанда табылады. Егер апта сайын дене салмағы 300-400 г. өссе және кіші дәрет көлемі нормаға сәйкес келмесе, онда жасырын ісіктің бар екендігін көрсетеді. Гестозда қан қысымы 170/100 мм.рт.ст. және одан да жоғары болуы мүмкін. Гестоздың ауыр түрлерінде белоктың жоғалуы күніне 5 г және одан да көп болады.

Гестоздың жоғарыда айтып кеткен үш симптомынан басқа да жанама әсерлері бар. Науқастың басы ауырады, мұрны бітеді, көз көруі бұзылады. Бұл белгілер қан айналымының бұзылуынан деп саналады. Кез келген сыртқы әсерге тырысу талма — эклампсияға айналуы мүмкін.

Эклампсия — гестоздың ең ауыр түрі, ол естен айырылумен, тырысумен сипатталады. Талма кезінде ми қан айналымы бұзылады, миға және оның қабаттарына қан құйылады. Кейде ішкі органдарға (ағзаларға) қан құйылуы мүмкін. Ацидоз пайда болады, ауа жетіспеушілік және зат алмасуының бұзылуы күшейеді. Бүйрек жұмысы дереу нашарлап, кіші дәрет азаяды. Эклампсия анаға да, іштегі нәресте өміріне де қауіпті.

Гестоз неден пайда болады?
Кәмелетке толмаған әйелдердің ауруға көп икемділігі әйел ағзасындағы иммундық жүйесінің толық жетілмеуіне байланысты.
Қолайсыз әлеуметтік жағдай, психоэмоцияның бұзылуы (некесіз жүктілік, тұрғын үйдің жоқтығы, төменгі материалдық деңгей) аурудың туындауына әкеп соғады. 30 жастан асқан әйелдерде гестоз өте ауыр түрінде өтеді (гипертония ауруы, бүйрек патологиясы, семіру, қант диабеті).
Жүктілікке бейімділік дағдысы жеткіліксіз болған жағдайда, кәмелетке толмаған әйелдер қауіпті топ қатарына енгізіледі, ал 30 жастан жоғары жүктілік, ол асқыну кезеңіне әкеліп соғады.

Гестоз тұқымқуалаушылық арқылы да беріледі. Екіқабат әйелдердің анасы жүкті кезінде гипертония немесе бүйрек ауруының асқынған түрімен зардап шексе, ол баласына да беріледі.

Жүктілік кезінде гестоздың асқынуы көбіне химиялық заттармен байланыста болғанда, жүйке жүйесі шаршағанда, ауа температурасының ауытқуынан және ауа ылғалдылығының әсерінен болады.

Гестоздың ауыр түрлерінің алдын алу
Екіқабат әйелдерде, әсіресе, жоғары қауіпті топта, гестоздың ауыр түрлерін болдырмау жөнінде алдын алу шаралары жүргізіледі. Ол гестоздың ерте мерзімінен басталады және жүктілік кезінде, босанғанда, туғаннан кейін фондық патологияларды есепке ала отырып, кезеңмен жүргізіледі.
Бүкіл жүктілік кезеңінде режим сақтау қажет. Дәрумендерді, жүйкені тыныштандыратын эффектісі бар фитожинақтарды қабылдау және бүйрек жұмысын жақсартатын, спазмолитиктерді, метаболизм және жүрек-тамыр жүйесін жақсартатын препараттар, мембранстабилизаторлар және экстрагениталды патологияны емдеу керек.

Қауіпті топқа кіретін барлық жүкті әйелдерге 8-9 аптадан бастап ем тағайындалады. 16-17 аптадан бастап созылмалы холецистит, холангит май алмасуының 1-11 деңгейінде бұзылған науқастарға, алдын алу кешеніне қосымша фитожинағын қосады. Өсімдіктер жинағының жүйке тыныштандыратын және бауыр, бүйрек функциясын жақсартатын механизмі бар.
Ем шаралары гестоздың қайталауын алдын алу үшін босанған әйел перзентханадан шыққан соң да жүргізіледі.

Мақала авторы: Райхан ЫБРАЕВА, Ақтөбе облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры. «Ақтөбе» газеті

Ұқсас мақалалар

Кеш токсикоз (соңғы токсикоз)

Соңғы гестоз

Ерте токсикоз

Жүктілік кезінде кездесетін кейбір қолайсыздықтар

Жүктілік кезіндегі тамақтану

Аяғы ауыр әйелдердің дұрыс тамақтануы

Comments 2

  • Салеметсиздерме! 8-9ай жуктиликте танертен табетим жок! Киндигим аурып жур неге екен?билгим келеди !!!?????

  • Жуктиликти 3кун откеннен кейин аныктауга болама

Яндекс.Метрика