Жүктілік кезінде дәрі-дәрмектерді қабылдау

Емделгенде абай болыңыз!

Бүгінгі таңда жүкті әйелдердің 92%-ы әртүрлі дәрі-дәрмектер қабылдайды, көптеген дәрі-дәрмектерді дәріханадан ала беруге болатындықтан, кейде дәрігерімен кеңеспей-ақ өздігінен ем жүргізетіндер бар.

Ұрықтың дамуына және жүктілік ағымына әсері қандай екенін анықтау мақсатымен дәрі-дәрмектердің кейбірі клиникалық зерттеулерден өтпейді. Сондықтан жүкті әйелдерге қауіпті емес дәрі-дәрмектер өте аз.

Жасанды түрде синтезделген дәрілік заттар ғана емес, сонымен қоса, табиғи жолмен дайындалған дәрілік заттар да, солардың бірі – майсана майы, жүктіліктің ағымына зиянын тигізуі мүмкін, тіпті түсік тастауға да алып келеді.

Төменде жүктілік кезінде белгілі бір мөлшерде қабылдауға болатын және мүлдем қабылдауға болмайтын дәрілік заттардың тізімі келтірілген: алоэ; бәден (орысша атауы – анис, алманың бір түрі, иіс май шығатын өсімдік); қайың бүршіктері; итбүлдіргеннің жидегі мен жапырақтары; жұпаргүл, киікшөп, киікоты; лаванда; мүкжидек; итшомырт, қасқыржемістің қабығы; бүлдірген; бояулы ойранның тамыры; аршаның жемістері; жұмыршақ; бәйшешек; жусан; сасықшөп; рауғаштың тамыры; дәрілік түймедақтың гүлдері; мияның тамыры; қарағай бүршіктері; атқұлақтың жапырақтары; мыңжапырақ; аскөктің тұқымы; шегіргүлдің шөбі; дала қырықбуыны; құлмақтың бүршігі; жалбыз.

Жүктілік кезінде тіпті қарапайым шөптерден тұнба дайындағанда да абай болған жөн (анаңыздың не құрбыңыздың айтуы бойынша қабылдамаңыз, тек дәрігердің айтқанын орындаңыз).

Жүктілік кезінде дәрі-дәрмектер, Жүкті әйелдерге арналған витаминдер

Жүктілік кезінде дәрі-дәрмектерді қалай қабылдау қажет?

  • Өз бетіңізбен емделу әрекетін жүргізбеңіз!
  • Жүкті екеніңізді білмей тұрып бір дәріні қабылдасаңыз (мысалы, ұрықталғаннан кейін алғашқы екі аптада), міндетті түрде дәрігеріңізге ескертіңіз!

Назар аударыңыз! Ауызбен қабылдайтын контрацептивтер де ұрықтың дамуына зиянды әсер етеді.

  • Егер дәрі-дәрмектерді дәрігер жазып берсе, ұрықтың дамуына қалай әсер ететіні жайлы міндетті түрде сұрап алыңыз. Сұрақ қоюға қысылмаңыз. Егер сізді қарайтын дәрігеріңіздің жауабы сізді қанағаттандырмаса, басқа дәрігермен (генетик, эмбриолог, перинатолог, фармоколог) кеңесіңіз.
  • Қабылдамас бұрын дәрілік қораптағы нұсқаулықтарды оқып алыңыз: әдетте ол жерде жүктілік кезінде және бала емізіп жүргенде дәріні қалай қабылдау керектігі жайлы анық жазылған.
  • Есіңізде болсын! Уақытында емделмеген ауруыңыз болашақ сәбиге үлкен қауіп тудыруы мүмкін, сондықтан дәрігер жазып берген дәрілерді мүлдем қабылдамауға да болмайды.

Дәріні қабылдау қажеттілігін болдырмау үшін өзіңіздің денсаулығыңызды сақтаңыз. Ауырып қалмауға тырысыңыз. Суық, салқын кезде, әсіресе эпидемия жүріп жатқанда қоғамдық орындарда көп жүрмеңіз. Үйдегі жақындарыңыз ауырып жүрсе, дәкелі масканы киіп алыңыз. Ауа райына қарап киініңіз.

Дәрумендер мен микроэлементтер

Көптеген әйелдер жүкті кезінде поливитаминдер қабылдайды. Бүгінгі күнде фармацевтикалық өнеркәсіп жүкті әйелдерге арналған арнайы дәрумендер жиынтығын өндіреді. Оларды ұрықталған соң-ақ алғашқы аптада қабылдау керек, әрине, алдымен дәрігеріңізбен кеңесіп алыңыз.

Көптеген қажетті микроэлементтерді жүкті әйел азық-түлік арқылы қабылдайды. Дәрілік заттардың ішінен дәрігер тарапынан көбінесе темір мен кальций тағайындалады.

Темір қаназдықта (анемия), физиологиялық бұзылуда (темірдің жетіспеушілігі нәтижесінде қандағы гемоглобин көрсеткіші төмендейді және қызыл денелер эритроциттердің мөлшері азаяды) тағайындалады. Статистикалық мәліметтер бойынша, әрбір бесінші жүкті әйел қаназдықпен ауырады.

Азық-түлік құрамындағы кальций ағзаға жақсы сіңіріледі. Оның көп мөлшері сүтті өнімдердің, жұмыртқаның сарыуызының, қара бидай нанының құрамында болады. Алайда, кейбір жүкті әйелдер сонда да кальций жетіспеушілігіне зәру болады, ал ол болмаса, бала ағзасының дұрыс жетілуі мүмкін емес. Оған қоса, осы микроэлементтің жетіспеушілігінен жүкті әйелді түрлі ауырсынулар (аяғы, белі) қинауы мүмкін. Оның тырнақтары тез сынғыш, тістері тез түсіп қалады, шаштары жұқарып кетеді, бұдан да қиын жағдайда остеопороз дамиды – сүйек ұлпаларында кальцийдің жетіспеушілігі.

Өзімізге бала кезден таныс кальций глюконаты бүгінде қолданудан шығып қалған, өйткені оның пайдасы аз: тек 4%-ы ғана ағзаға сіңіріледі. Қазіргі күні құрамында карбонат, лактат, глицерофосфат және кальций пантотенаты бар дәрілік заттарға сұраныс артуда. Оған қоса, олардың құрамы ағзада кальцийдің алмасуын реттейтін D дәруменіне бай.

фото: maternity.com

Яндекс.Метрика