Жүктіліктің бірінші триместрі — алғашқы триместр, жүктіліктің 1-12 апталары, яғни 1-3 айлары аралығын қамтиды. Жүктілік кезеңін үшке бөліп қарастырғанда «триместр» сөзінің қолданылуы өте орынды. Себебі ол «үштен бір бөлігі» дегенді білдіреді, ал кей жердерде кездесетін «жүктілік тоқсаны» тіркесіндегі «тоқсан» сөзіның мағынасы «төрттен бір бөлігі» дегенді білдіреді.
Бірінші ай
Ұрықтану болған соң бірнеше күннен кейін жатыр қабырғасына ұрық жабысады. Енді әйелді ресми түрде жүкті деп айтуға болады. Ұрық арнайы ферменттер бөлу арқылы ағзада өзгерістердің, яғни етеккірдің тоқтауына әсер етеді. Жеті күннің ішінде бір ғана жасушадан тұратын ұрық жүздеген жасушаға көбейеді. Бойға біткен баланың алғашқы үш айы ерекше уақыт, себебі әйелдердің көпшілігі осы уақытта қиналады. Бірнеше жасушадан тұратын шақалақ, жүктілік гармонын бөле бастайды. Күннен күнге шарана өсіп, жасуша түтікке ұқсас кейіпке енеді, оның бір ұшы жуанданып, болашақ бастың сұлбасына ене бастайды.
Бірінші триместрде шарананың жүрегі қалыптаса бастайды, ол әзірше бір ғана камерадан тұрады. 2-ші аптаның ортасынан жүйке жүйесі дами бастайды. 4-аптада болашақ бетінің екі шетінде әр қайсысында пигментті дискі бар көздің ойығы, аяқ-қолы және барлық ішікі мүшелердің негізі қалыптаса бастайды. Бірінші айдың соңында шарананың бойы 4 мм болады.
Екінші ай
Бұл кезеңде сәбидің бас миы жылдам дамиды. Шарананың басы денесінің 3-тен 1 бөлігіне ұлғаяды. Үтірге ұқсас шақалақтың жүрегі соға бастайды. Шақалақтың кіндігі жатырдың қабырғасына жабысады. Бет әлпеті көріне қоймағанымен, көз бен құлақ тұсы нығыздала түседі. Екінші айдың соңына қарай, шарананың саусақтары ақырындап білініп, жыныс мүшелері қалыптаса бастайды. 8-ші аптада ол шамамен 2,5 см болады.
Үшінші ай
Үшінші айда әйелдің беті тазарып, шашы жиі майланбайтын болады, керісінше құрғап кетеді, омырауы ісініп, аса сезімтал болады. Зат-алмасуы 25% жылдамдайды, жиі шөлдеп, жиі терлегіш болады. Жатыры 10 см жалпақтайды. Бұл уақытта сәбидің бет әлпеті біліне бастайды. Табаны мен қолының буындары пайда болады. Асқазаны мен ішектері қалыптасып, бауыр-өті түзіліп, тыныс алу жолдары қалыптасып үлгереді. Жүрегі ересек адамдағыдай, 4 камерадан тұрады, қан тамырлары дами бастайды. Ми қатпарлары мен сайлары пайда болады, яғни әр минут сайын төрт миллионға жуық жаңа нейрондар пайба болады. Шеміршек бірте-бірте сүйекке айналып келеді. Шақалақ аяқ-қолын қимылдата алады, әрине оның қазіргі әлсіз қозғалысын анасы сезіне қоймайды. Оның бойы шамамен 10 см.
Алғашқы триместрде болашақ анаға не қажет?
Дәл осы кезеңде болашақ ана өз денсаулығына абай болуы тиіс. Егер ана мен әкенің бойындағы тұқым қуалайтын аурулары болса, оның барлығы да осы жүктіліктің алғашқы сегіз аптасында белгі береді. Қазіргі уақытта бойға біткен баланың 8–9 апталығыннда генетикалық тексерулерді өткізу мүмкіндігі бар. Жүктіліктің 11–12 апталығы кезінде УЗИ арқылы баланың әрбір мүшесінің қалыптасу барысын байқауға болады.
Жүктіліктің алғашқы семестрінде денсаулыққа байланысты қатты мән беретін жағдайлар:
● Шылым шегу, ішімдік ішу секілді әдеттерден бас тартып, мүмкіндігінше жеміс-жидек, буға піскен майсыз тағамдар жеген жөн.
● Кешенді түрде дәрумендер қабылдау керек. Фоли қышқылы, мырыш, мыс, В тобының дәрумендері және селен баланың дене мүшелерінің дұрыс қалыптасуы үшін аса қажет.
● Вирусты инфекциялардан мүмкіндігінше сақтану қажет.
Болашақ ананың тамақтануы
Алғашқы триместрде, яғни токсикоздың басында тамақ рахаттандыратын және ыстық емес болуы керек. Алғашқы үш айда тұздалған қияр, орамжапырақ, және т.б. қышқыл немесе тұзды тағамдарға тәбеті ауады. Бұл – дұрыс құбылыс. Тұзды тамақ сізге қажет. Міндетті түрде қайнатылған ет пен балық жеу керек, жатырдағы болашақ балаға жануарлар ақуызында кездесетін амин қышқылдары қажет. Ана мен жатырдағы балаға көп мөлшерде кальций керек, сол үшін анасы ірімшіктер мен сыр жеу керек. Ысталған, қақталған, қуырылған, консервантталған тамақтарды жеуге, сонымен қатар көп мөлшерде кофе ішуге болмайды. Ет пен сүттің және балықтың шикі өнімдерін жеуге болмайды. Олардан адамды астан уландыратын індеттер жұғады.