Израильдің «Тель а-Шомер» медициналық орталығында 2003–2008 жылдары 45-65 жас аралығындағы алғаш рет жүкті болған әйелдерді бақылаған мамандар 45 жастан бастап алғашқы перзентіне жүкті болу әйел мен сәбидің денсаулығына қауіпті деген қортындыға келген.
2003–2008 жылдары аталған орталықта тұңғышын босанған 131 әйелдің (45-65 жастағы әйелдер) 80 пайызында денсаулық жағдайларына байланысты қиындықтар туындаған.
Жүкті әйелдердің 40%-ында жүктілік кезіндегі қант диабеті байқалған, 20%-ында преэклампсия (токсикоз салдарынан болатын жоғары қан қысымы) бар болған.
Нәрестелердің үштен бір бөлігі шала туылған, кесар тілігі арқылы туылған, 50%-ы тиісті салмаққа ие болмаған (салмақтары 2500 грамнан аз).
Орта жастан асқан әйелдердің жастары ұлғайған сайын жүктіліктерінің қиындығы да артқан. Оны айтпағанда, сол әйелдердің барлығында дерлік репродуктивті органдардың ақаулары болған. Сондықтан олардың жартысының алдыңғы жүктіліктері сәтсіз аяқталған.
Зерттелген 131 әйелдің 126-сы экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) әдісі арқылы жүкті болған.
Адамдардың бойындағы жоғары қан қысымы, қант диабеті сынды көпшілікке тән аурулар 40–45 жастан асқанда пайда болады. Осыны ескерсек, орта жастан асқан шағында алғашқы перзентіне жүкті болудың қаншалықты қиын екендігін біле беруге болады. Ал оған дейін бірнеше рет босанған әйелдерде ондай қиындықтардың болмауы босанып үйренген әйел ағзасының жүктілікке даяр болуымен және әйелдің жүкті болуға қажетті тәжірибеге ие болуымен түсіндіріледі.
Ұқсас мақалалар
Кесар тілігі (Кесар тілігі операциясы)
Кесар (кесарево) тілігінен соң табиғи жолмен босануға бола ма?