«Ол әлі кішкентай, ештеңе де түсінбейді», – деп ойлайды көп ата-аналар. Сөйтіп, балаларының алдында көршілері, мұғалімдері, туыстары, таныстары туралы неше түрлі жаман әңгімелер айтып отыра береді. Бірақ бала әңгіменің мәнін түсінбеуі мүмкін, үлкендердің айналасы туралы айтылған «қызықты» әңгімелері мен пікірлерін есінде жақсы сақтап қалады. Содан соң, көпшілік жиналғанда немесе қонаққа барғанда, магнитофон жазбасы сияқты, сөзбе-сөз, тіпті, ата-анасының дауыс ырғағын да салып, жеткізіп отырады. «Музыкадан сабағың қалай болып жатыр?», – деп әжесі немересінен сұрайды. «Бәрі жақсы, бірақ сольфеджиодан беретін апай 4-тен артық баға қоймайды. Мүмкін, ақша дәмететін шығар». Бұл – ұстазын «парақор» деп кінәлаған ата-анасының әңгімесінен қалыптасқан баласының пікірі. 1-сыныпта оқитын екі ұл бала керісіп қалады: «Мен сенімен ойнағым келмейді. Себебі, сен менің машинамды сындырып қойдың. Сен де тура өзіңнің әкең сияқты жолы болмайтын бақытсыз адамсың». Бұл – ата-анасының көршісі туралы айтқан әңгімесінен баланың санасында бекіп қалған көзқарасы. Көпшілік ортасында осындай ілікпе сөздерді естіген ата-аналар балалары үшін қысылып, қызарып, оларды басқа бөлмеге апарып, өздерінше «тәрбие жұмыстарын» жүргізеді. Ал бала соншалықты не айтып қойғанын түсінбей қалады, себебі, ол тек қана ата-аналарынан естігенін қайталады ғой. Бірақ бұл ештеңе емес. Одан да сорақысы, баланың санасында «шындықты айтуға болмайды екен» деген ой қалыптасады, өйткені соңынан әкесі не анасы міндетті түрде жазалайды. Бұдан соң, бала өтірік айтып, екіжүзді болуды үйренетіні – таң қаларлық емес жағдай. Бұған оларды жоғарыда көз жеткізгеніміздей, ата-анасының өзі үйретеді. Баланың көзінше оның тәрбиесіне қатысты ұсақ-түйек айқайға да жол берілмеу керек. Егер бұл жөнінде ата-аналарының арасында келіспеушілік туындап жатса, онда баласы үйде жоқ кезде немесе басқа бөлмеде айқайламай, тыныш отырып шешу керек. Балалардың алдында көршілерді, отбасы мүшелерін, достарды, әріптестерді жамандау дұрыс емес. Ең қауіптісі, баланың санасында отбасының «біреуге қарсы немесе бәріне қарсы достығы» туралы көзқарас қалыптасады. Өйткені бала үнемі айналасындағылардың «бәрі жаман екендігі» туралы пікірлерді естиді, содан ең жақсысы тек «біз ғанамыз» деп ойлайды. Әлбетте, кейін баланың өз достарының, мұғалімдерінің, тіпті айналасындағылармен арасындағы қарым-қатынасында қиындықтар міндетті түрде туындайды. Ешқашан, еш уақытта балаларыңыздың алдында мұғалімдері жайлы әңгімені талқыламаңыз. Асып кетуге болмайтын арнаулы шекаралар бар. Өзіңіз ойланып көріңізші, мұғалімі туралы «парақор», «жарымес», «топас», «ештеңе білмейтін», «алжып кеткен» деген сөздерді естіген баланың ұстазына көзқарасы қандай болады? Егер бала өз ұстазын сыйламаса, онда сізге оқудан белгілі бір нәтиже күтудің де қажеті жоқ болады. Еш уақытта балаңыздың алдында «сен жақсысың, ақылдысың, ал сенің мұғалімің жаман» деген ұстанымда болмаңыз, олай айтпаңыз да. Балалардың алдында талқыға салынбайтын тақырыптар қатарында саясат та бар. Біз, өмірге көзқарасы қалыптасқан ересектер, билікті жамандап, ұрысуға, күйе жағуға үйренгенбіз. Мемлекетіміздің тағдыры қолында тұрған биліктегі адамдар жайлы жаман әңгімелерді теледидардан естіген балалардың бойында есейе келе, билікке деген құрметті ояту өте қиын. Ең тиімді әдіс — өз балаңызды анағұрлым ересек кезінде естіген ақпараттарын талдауға, біреудің көзқарастарын шынайы өмірмен салыстырып отыруға дағдыландырыңыз.
Нұрбану ОМАРОВА, фото: artofcare.ru