Балалы үйде ойыншықтардың болатыны — анық жайт. Ойыншықтардың үйдегі бөлмелерде немесе ойын алаңында шашылып жатуы бала саны мен олардың жасына және ойыншықтардың санына байланысты. Балаларға ойыншықпен қалай ойнау керектігін үйретудің қажеті жоқ. Өздері үйреніп алады. Үлкендер оларға ойнауды үйретуді өздеріне міндет деп санамаса болады. Есесіне, балаларға ойнап болғаннан кейін ойыншықтарды жинауды үйретуге болады. Ойыншықтарды жинау тек қана үйдің жинақы болуын қамтамасыз етіп қоймай, баланың ұқыпты болуына және өзіне жүктелетін жауакершілікті сезіне бастауына себеп болады.
Ойыншықтарды жинаған ес білмейтін сәби алғашында ол әрекеттің не екенін білмейді. Білмегенімен ойыншықтарын жинастыруды жайменен дағдыға айналдырады. Жақсы әрекетке дағдылану балаңың есейі үшін пайдалы. Ал ата-анасы үшін ол ешқандай көмек болмайды. Өйткені баласы бір-екі ойыншықты жинастырып қойса, ата-анасының үйдегі шаруалары бітіп қалмайды емес пе?!
Бір жасар баламен бірге
Бір жасар бала үлкен адам ойнаса, ойнайды; ойыншықтарды шашса, шашады. Ондай баламен ойыншықтарды бірге жинағанда ойыншық салатын ыдыстың ішіне ойыншықтарды лақтырып, балаға көрсетіп, оның да дәл солай істеуін өтіну керек. Бір жасар бала ондай әрекеттен ештеңе түсіне қоймас, дегенмен уақыт өте келе солай етуге дағдыланып қалады. Егер істей алмай, ойыншықтарын шашумен әлек болса, ұрыспаңыз.
Екі жасар баламен бірге
Екі жасар бала аз да болса оң-солын танып қалған шаққа жетеді. Ол қай заттың қайда тұратынын үйренуге қабілетті болады. Сондықтан ойыншықтарды немесе балалардың ойын бөлмесін (егер бар болса) жинағанда оған ненің қайда тұратындығын айтып түсіндіруге тырысыңыз. Мұндай кезеңдегі балалар ата-анасынан немесе үлкендерден көрген әрекеттерді тез үйреніп алады. Олай болса, балаңызды ұқыптылыққа үйретуіңіз осы жастан бастап алғашқы жемісін бере бастайды — бала істеп жатқан ісін аз да болса түсінеді.
Үш-төрт жасар баламен бірге
Балалар 3-4 жасқа келгенде өз алдарына ойнап, ойыншықтарын жинай алады. Тек оларға нұсқау беретін ересек адам және жүйелі түрде ұйымдастырылған балалар бөлмесі мен әр түрлі ойыншықтарды, оның ішінде кітаптар да бар, салуға арналған қапшықтар, қораптар мен ыдыстар қажет.
3-4 жастағы балалар бір-бірімен жақсы ойнайды. Ойын болғаннан соң ойыншықтар шашылмай болмайды. Шашқан ойыншықтарды бірге ойнаған балалардың барлығына бірдей жинату олар үшін қызықты әрекет болып табылады әрі бірігіп тірлік етудің не екенін түсіне бастайды.
Кез-келген жастағы ойын баласы үшін ойын толықтай аяқталмай тұрып, оны ойыншықтарын жинауға мәжбүрлеуге болмайды. Алайда арнайы ойын бөлмесе болмаса, ойынды тамақтанатын немесе басқа балалар сабақ оқитын бөлмеде ойнап, ойыншықтарын шашып тастаса, онда ойыншықтарды баламен бірігі отырып жылдам жинап, басқа жаққа (бұрысшқа, орнына) қою керек.
Ұқсас мақалалар
Бала тәрбиесі жатырда басталады